{metadescription}
Жаңа Қазақстанның жалпыұлттық сайлауындағы жаңашылдықтар
Жаңа Қазақстанның жалпыұлттық сайлауындағы жаңашылдықтар

Жаңа Қазақстанның жалпыұлттық сайлауындағы жаңашылдықтар

Бүгіннен бастап референдумға үгіт-насихат жұмыстары басталды. Ол 3-маусымға дейін жалғасады. Ал 4-маусым тыныштық күні. Президент жарлығымен жалпыхалықтық референдум жаздың алғашқы жексенбісі, яғни 5-маусымда өтеді.

Орталық сайлау комиссиясы бұл шараға қанша шығындалатынын әлі есептеп жатыр. Жаңа Қазақстанның жалпыұлттық сайлауындағы жаңашылдықтар қандай?

27 жылдан кейін қазақстандықтар Ата заңды жаңартуға ат салыспақ. Осыған дейін отандастар сайлау бөлімшелеріне тек  Президент пен Парламент депутаттарын таңдағанда бас сұғатын  еді. Бұл Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясына енгізілетін алтыншы өзгерту болмақ. Қарапайым тұрғындар өлім жазасынан бас тарту, Президент құзыретін қысқарту, әкімдер сайлауы сияқты жаңа реформаларды қолдауға немесе қолдамауға құқылы.

Ақордадан жеткен Жарлық Орталық сайлау комиссия мүшелерін аяғынан тік тұрғызыпты. Сайлау болмаса, мүлгіген тыныштықта тұратын ғимаратта бүгін таң алаукеуімнен дүбір басылмай тұр. Қазақстандағы кезектен тыс болатын сайлауларға еті үйренген сайлау комитетінің ереже-қағидасы сақадай-сай.  Бір тәулік өтпей үгіт насихат басталып кеткен. Бәрі ашық форматта. Әйтпесе бас прокурордың  айыппұлы дайын тұр.

Болат Дембаев, ҚР Бас прокурорының орынбасары:

- Анонимдік үгіт материалдарын таратуға тыйым салынады. Авторы немесе осы материалдарды шығарған ұйымдар туралы ақпараты жоқ материалдар аноним болып саналады. Сондай үгіт материалдарын таратқаны үшін 113бап бойынша 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл  қарастырылған. 

Сондықтан әлеуметтік желідегі ақпаратқа  абай болу керек.  Жеке парақшадағы жазба да үгіт-насихат боп есептеледі. Тек 4-маусым тыныштық күні және 5-маусым сайлау күні жаңа реформаларға қатысты ешқандай ақпарат жазуға, салуға болмайды. Онлайн жазбалар есептелгенмен, онлайн дауыс беру жаңа Қазақстанның жаңарған сайлау тәртібіне енбепті. Халық қағаз бюллетенді құп көреді. 

Шавхат Өтемісов, Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:

- Бірауыздан бәрі электрондық жүйе енгізілсін деген әңгімені қолдамайды. Хаккер деген ұғым бар. Ертең дауысқа электронды жүйе енгізілген кезде, бірінішден, сіздің жеке мәліметтеріңіз басқа жаққа кетіп қалмау керек. Екіншіден, сіз қалай дауыс бердіңіз, тап солай протоколға түсу керек. Қазіргі таңда электронды жүйе туралы шешім әлі қаралуда, қабылданған жоқ.

Жаңа реформаларға шетелдегі жерлестер де дауыс бере алады. Ал ел ішіндегі азаматтар мамырдың 20-нан кейін өзіне жақын сайлау бөлімшесінен аты-жөнін тексере алады. Сайлау туралы ақпарат, өтетін күні СМС хабарлама арқылы да таратылады.

5-маусымда  еліміздегі он мыңнан астам сайлау учаскісі сайлаушыларға  таңғы жетіден есігін айқара ашады. Дауыс беру кешкі сегізге дейін жалғасады. Жаздың бірінші демалысына дейін эпидахуал күрт нашарлап кетсе, сайлау бөлімшелеріне тек ASHYQ-пен кіруге рұқсат етіледі.  Дауыс беруге құқылы халықтың жартысынан көбі жаңа реформаларды қолдаса онда жалпыұлттық референдум өткен боп есептеледі. Содан кейін  жаңа өңірлер құрылып, жаңа әкімдер сайланады деп күтіліп отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде