Жеңіс күні: Аймақтардағы ардагерлер қандай көмек алды
Елімізде Ұлы Отан соғысының 387 ардагері бар. Жеңіс күні мейрамында олардың ешбірі еслеусіз қалмады. Қарияларды арнайы барып құттықтаушылар да көп болды.
Автор: Жаңалық Ахаш
09.05.2022
Облыс басшыларына ардагерлерге әлеуметтік көмек көрсету міндеттелді. Ал оның көлемін әр аймақ өздерінше бекіткен. Басты талап - миллион теңгеден асуы керек.
Семейде Жеңістің 77 жылдығына орай «Мәңілік алау» таңмен таласа тұтанды. Жиналғандар Ұлы Отан соғысының батырларын бір минут үнсіздікпен еске алып, монументке гүл шоқтарын қойды.
Алайда шаһарда сол қырғынға қатысып жеңісті жақындатқан майдангерлердің тоғызы ғана тірі. Олардың жасының өзі 96-дан асып кеткен. Ардагерлердің барлығына 1,5 миллион теңгеден төлемақы берілді.
Мұрат Сейсенұлы, Семей қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
- Тоғыз Ұлы Отан соғысының ардагері бар. Соның әр қайсына 1,5 миллион теңгеден берілді. Сондай-ақ мыңнан астам тыл ардагеріне 100 мың теңгенің мөлшерінде ақша берілді. Қалған ардагерлерге 50 мың теңгенің көлемінде бердік. Бұл біздің облыстық бюджеттен.
Елімізде ардагерлерге ең көп әлеуметтік көмек бекіткен Ақтөбе облысы. Бұл аймақта көзі тірі сегіз майдангерге 2 миллион теңгеден берген. Солардың бірі 98 жастағы Ажар Оразғалиева. Ақтөбенің орталығында тұратын кейуана тың. Мектеп оқушылары өзіне арнап арнайы концерт қоятынын естіген әже немелері мен қыздарына далаға алып шығуды бұйырыпты.
17 жасында Атыраудың Доссорынан майданға аттанған зенитші Жеңіс күнін Берлинде қарсы алған. Он бала өсіріп, немере мен шөбере қызығын көріп отырған кейуана ұрпағының бейбітшілікте ғұмыр кешуін тілейді.
Ажар Оразғалиева, ҰОС ардагері:
- Жақсы құрметтеп жатырсыздар. Өте жақсы. Өлсем, жүрегімде қалатын болды. Халқыма ризамын. Еңбегімді ақтады. Суыққа тоңған, ыстыққа күйген күндерім, қиындықтарым - бәрі кетіп қалды. А,құдайым, сендерге бақ берсін! Ұзақ өмір жас берсін! Жарытқанда жолдарың болсын! Қыдыр ата жолдасың болсын!
Шымкентте қазір Ұлы Отан соғысының жеті ардагері тұрады. Шаһар басшылары әрбірінің шаңырағына барып, жеңіс күнімен құттықтап жүр. Бұл жақта майдангерлерге бір жолғы әлеуметтік көмек ретінде әрбіріне миллион жүз мың теңгеден берген. Ғасыр жасаған шымкенттік Абылай қарт қолдаудан еш кенде қалмадық деп отыр. Майдангер соғысқа аттанғаннан бастап, елге оралған сәтті еш ұмытқан емес.
Абылай Қазбаев, ҰОС ардагері:
- 16 жасымда 18 деп беріпті военкоматқа. Ол уақытта военком Дъяткі деген майор болды. Одан 5 қазақ барып, қараған жоқ. 45 жылдың аяғында. Декабрьде армияға кеттім, Тәшкенге, наурыз айында соғысқа кеттім.
Маңғыстаулықтар майдан даласында шейіт болғандар мен Жеңіс күнінің 77 жылдығына жете алмаған ардагерлерге арнап құран бағыштады. Мешіттегілер таң атқалы бері майдангер ата-әжелерінің рухына дұға етуге келушілер көп болғанын айтады.
Қазір Маңғыстау өңірінде не бары алты майдангер қалыпты. Мұнайлы өлкедегі мәслихат олардың әрбіріне тура миллион теңгеден әлеуметтік көмек көрсету жөн деп шешкен. Қарағанды мен Алматы облыстары да әлеуметтік көмекті миллионнан астырмады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!