Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қанша ардагеріміз қалды?
Алматыда «Батырларға тағзым» салтанатты шеруі өтті. Қолына гүл шолын ұстаған ардагер ақсақалдан жас балаға дейін Панфиловшылар паркіне жиналды. Жеңіс күні мәңгілік алауға келгендердің қарасы әдеттегіден көп. Мерекелік шеру өалай өткізілді?
Автор: Асқарбек Қазанғап
09.05.2022
Пандемия кезінде екі жыл қатарынан өлі тыныштық орнаған Панфиловшылар паркінде бүгін ине шаншар орын жоқ. Мәңгілік алауға гүл шоғын қоюға адамдар лек легімен келіп жатыр. Өкінішке қарай, олардың арасында оқ пен оттың ортасын көрген қариялар азайып бара жатыр. Соңғы статистика бойынша елде Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 387 ардагер ғана қалған.
96 жастағы Көлбай Анафиянов — сұм соғыстан аман оралған Алматыдағы санаулы ардагерлердің бірі. Ерлігін паш етер қаптаған медальді бүгін тақпаған. Ақсақалды әңгімеге тартқан жастарға қысқаша оқиғасын айтудан әлі күнге жалықпайды.
Көлбай Анафиянов, соғыс ардагері:
- Әскерге он сегіз жасымда кеттім. Он тоғыз жаста Германияда соғыста болдым. Ол Польшаның аймағында. Соғыс біткеннен кейін алты ай сол жақта болып, қайтып Брест қамалына келдік, сол жерде әскери борышымды атқардым.
Таң атысымен Алматының әр жерінен соғыс туралы әндер естіліп жатты. Сағат тоғыз шамасында тұрғындардың дені Орталық саябаққа жетті. «Батырларға тағзым» салтанатты шеруі сол жерде басталып, Панфиловшылар паркіне дейін жалғасты. Соғысқа қатысқан аталарының суретін ұстап, жаяу аяңдағандардың саны жиырма мыңнан асады..
Рухия Тахметова:
- Бес жыл Ленинградты, Мәскеуді, Сталинградты қорғады. Барлық жерінен өтіп, жараланып, соғыс біткенде қайтып келді. Шелек ауданының тұтынушылар одағының төрағасы болып, 1972 жылы қайтыс болды.
Еңбектеген баладан еңгейген кәріге дейін осында жүр. «Ата, рахмет» деп гүл шоғын таратып жүрген жастардың әрекеті сүйсінтпей қоймайды. Ата буын мен бүгінгі бала буынның арасындағы байланыс сөзсіз-ақ сабақтасып жатты.
Мырзахан Қабашев:
- Келешек ұрпақтың басына ондай қырғынды Алла тағала бермесін. Бейбіт заман болсын. Соғысты енді көрмесек те, соның қиыншылықтарын көріп өскен адамдармыз. Мысалы, мен 1955 жылы бірінші сыныпқа барған уақытта дәптер де, қарындаш та болмаған.
Асылбек Қуанов, ІІМ ардагері:
- Әкелеріміздің, аталарымыздың арқасында бүкіл халық тірі, аманесен, аспанымыз ашық. Сол аталарымыздың арқасында, әжелеріміздің, шешелеріміздің арқасында. Олар тыл еңбеккерлері ғой.
Алдыңғы жылы карантинде аумақты қызғыштай қорып, тіптен соғыс ардагерін жәутеңдетіп қайтарып жіберген паркке бүгін ерекше жан біткен. Бір ғасырдың куәгері Көлбай ақсақал енді елді ешқашан соғыс жалыны шарпымасын деп тілейді.
- Ақ көңілді, абыройлы болыңдар! Отбастарыңа амандық, дендеріңе саулық, дастарқандарына береке берсін! Алла. Елімізде тыныштық болып, Алладан тілеген тілектерім қабыл болсын!
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!