Қостанайда өрттен ондаған отбасы далада қалды
Қостанайда өрттен ондаған отбасы далада қалды. Қала шетіндегі қалың қамыстан тұтанған от қатты желдің екіпімен сол маңдағы жер үйлерге де таралған. Алапат өрттен бір көшенің бойында бір-біріне жапсарлас орналасқан 12 тұрғын үй күлге айналды. Абырой болғанда төтенше жағдайдан ешкім зардап шеккен жоқ.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
10.05.2022
Лаулап жанып түтіні қала аспанын басқан қызыл жалынды төтеншеліктер төрт сағатта әзер ауыздықтаған. Құтқарушылар тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіріп үлгеріпті. Эвакуацияланған 25 адамның бесеуі бала. Тілсіз жау мың шаршы метр аумақты шарпыған. Өрттен тағы екі баспана бүлінген. Алты шаруашылық құрылыс пен төрт көліктің сау-тамтығы қалмады. Бір-ақ сәтте үйсіз қалған бес адам уақытша емдеу-сауықтыру орталығына орналастырылды. Қалғандары туыстарының үйін паналапты.
Әкімдік өкілдері далада қалған отбасыларға көмек қолын созамыз деп сендіріп отыр. Қазір арнайы комиссия құрылып, өрттің шығу себебі мен шығын көлемі анықталып жатыр.
Алдымен Тобыл өзенінің бойындағы қураған қамыс қаулай жанып, бір жарым гектар далалы жерге жайылған. Содан кейін қатты желден жақын маңдағы қора-қопсысы бар үйлер отқа оранды.
Біржан Кәрімов, Қостанай облысы ТЖД бастығы:
- Өрт сөндіруге күшті жел мен қою түтін, бірбіріне жақын орналасқан тұрғын үйлер мен аула құрылыстары кедергі болды. Қызыл жалынды ауыздықтауға 43 арнайы техника мен 300 адам жұмылдырылды. Тілсіз жау кешкі сағат тоғыздарда толық өшірілді. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Ішкі Істер органдары төтенше жағдайға қатысты ҚР ҚК 204-бабы, 4-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!