Жамбыл облысында полицейлерді топтасып тепкілеген
Полицейлерді топтасып тепкілегендер арасында қыздар да бар. Жамбыл облысында осындай күдікпен сегіз адам қамауға алынды. Тағы біреуіне іздеу жарияланған. Әзірге тәртіп сақшылары оның тұрғылықты жері мен жас шамасын айтпай отыр. Ал таяқ жеген полицейлер ауыр жарақат алмаса керек. Өйткені қызметіне кірісіп кетіпті.
Автор: Руслан Әбдіхалық
10.05.2022
Жастар мен қызыл жағалылар арасындағы кикілжің неден туындаған?
Шу қаласындағы жағдай жұрттың төбе шашын тік тұрғызды. Әлеуметтік желіге тараған видеода бір топ азамат тәртіп сақшысын тепкінің астына алып жатқандай көрінеді. Бажайлап қарап дауысына мән берсе, ортада полицей мен бір жігіт бір-бірінің жағасына жармасып жатыр. Кейін шулаған топ біреуінің аяғынан сүйреп жағаласқандарды ажыратып жібереді.
Қарудан оқтың бір емес, бірнеше мәрте атылғаны байқалады. Кадрда тәртіп сақшылары да, жастар да бір-біріне қол жұмсап аяқ сілтеп жүр. Жерге аунап кәдімгідей төбелесіп жатыр.
Бассыздық воказал маңында болғаны. Қолда бар мәліметке сүйенсек, тәртіп сақшылары мемлекеттік нөмірі жоқ жеңіл көлікті тоқтатқан. Ал машинадағы азаматтар екі полицейге бағынбай қарсылық көрсетіпті. Соңы жапай жаға жыртысқа ұласқан. Қазір осы іске қатысы барлар ұсталды. Арасында қыздар да бар.
Гүлсара Мұхтарқұлова, Жамбыл облысы ПД баспасөз хатшысы:
- Бұл оқиғаға белсенді қатысқан 8 адам ұсталып отыр. Оның алтауына күзетпен ұстау шарасы қолданылды. Ал қыздар үй қамағына алынды. Осы іске қатысы бар тағы бір азаматқа іздеу жарияланды. Қазір полицейлерге қаншалықты дене жарақаты келтірілгенін анықтау үшін сотмедициналық сараптамасы тағайындалды.
Ал бейресми мәліметке сүйенсек, сөзге келіп қалған инспектор мен көлік ішіндегі бір азамат жекпе-жекке шыққан. Соңы осындай жағдайға ұласқан. Қазір осы төбелеске қатысты «билік өкіліне күш қолдану» бабы бойынша іс қозғалған. Күдіктілердің кінәсі дәлелденсе, үш жылға дейін түрмеге жабылуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!