Павлодар колониясында эко-ойыншықтар жасап жатыр
Сотталушылар сыйлығы. Павлодарда колонияда жазасын өтеп жатқандар енді эко-ойыншықтар жасап шығарады. Ол үшін түрмеден арнайы цех ашылған. Қылмыскерлер жаңа кәсіп түрін үйреніп, бостандыққа шыққаннан кейін де жұмысқа орналасуға мүмкіндік туады.
Автор: Салтанат Шырынхан
10.05.2022
Олар құрастырған инновациялық ойыншық баланың ментальды дамуына зор ықпал етеді. Бірте-бірте пластикалық аналогын ауыстырып, кішкентайлардың назарын телефон мен планшеттен алшақтатады дейді жоба авторы.
Алты жыл бұрын ашылған цех енді қаладағы колонияның ішінде де бар. Мүмкіндігі шектеулі жандарға ұсынылған жұмыс қазір сотталғандарға да қолжетімді. Мәселен, жазасын өтеп жатқан Сергей Манин — экономист. Ол мұнда жанындағылар секілді ағашпен жұмыс істеу шеберлігін меңгеріпті. Енді соның арқасында қауіпсіз әрі экологиялық таза ойыншықтар жасайтын ұстаға айналмақ.
Сергей Манин, жазасын өтеуші:
- Балаларға бұл ойыншықтардың пайдасы болмаса, зияны жоқ. Сондықтан кішкентайларға қазір түрлі бояу мен пластиктерден жасалған құралдар әперуді азайтқан абзал. Маған жиһаз бен кәдесыйлар емес, ойыншық құрастыру жұмысын ұсынғанда қуана келістім. Өйткені өз балаларым бар. Сол үшін өзгенің сәбиінің де кесірі тиетін дүниелерден аулақ болғанын қалаймын.
Қапастағылар көлік, ұшақ, үйшік сынды ойыншықтарды қарағай, қайыңнан құрастырады. Шеге мен бояу қолданылмайды. Құлтемір де енді темірден емес, ағаштан ойып жасалмақ. Барлығы оңай бөлшектеліп, жылдам жиналады. Бұл балаларға моторикасын дамыту арқылы ақыл-ой қабілетінің жетілуіне көмектеседі дейді жоба авторы. Астаналық кәсіпкер темір тордың арғы жағында отырған мүгедек досына осылай қол ұшын созғысы келіпті. Идеяны естіген колония басшылығы да бірден қолдаған.
Қуаныш Қойшыбаев, АП 162/3 мекемесінің бастығы:
- Мекемеде жұмыс істеу тек жалақы алумен ғана шектелмейді. Ол сотталғандарды қылмыспен келтірілген жазасын өтей отырып, қайта тәрбиелеу әдістерінің бірі. Бұл да нағыз еңбекті, ақылойды қажет етеді. Бұған қоса барлығы босап шыққаннан соң білікті маман болып қалыптасуға, өмірде өз орындарын табуға көмектеседі.
Елордалық кәсіпкер ең алдымен балаларға сапалы өнім дайындау басты мақсат екенін айтады. Кішкентайлардың ойлау жүйесін арттыруға арналған эко-ойыншықтар телефон мен планшеттердін орнын баса алатына сенімді. Бұған қоса жазасын өтеушілерге жағдай жасайтын әлеуметтік жоба деп санайды. Антигаджеттерге қазірдің өзінде ресейліктер де қызығушылық танытып үлгеріпті. Дегенмен кәсіпкер ағаш ойыншықтармен ең алдымен отандық нарықты дамытуды көздейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!