{metadescription}
Алматыда үйі өртенген 50 тұрғын спортзалда түнеп жүр
Алматыда үйі өртенген 50 тұрғын спортзалда түнеп жүр

Алматыда үйі өртенген 50 тұрғын спортзалда түнеп жүр

Алматыда үш қабатты үй отқа оранып, 50 шақты тұрғын мектептің спортзалында түнеуге мәжбүр болды. Тал түсте тұтанған отты жұрт тез байқап, өрт сөндірушілер де дер кезінде жеткен. Соның өзінде 250 метр жерді шарпып үлгеріпті.

Бір мезетте далада қалған тұрғындар басының амандығына шүкір етіп отыр. Өрттің шығуына отпен ойнаған бала себеп болған көрінеді.

Өрт үш қабатты жатақхана іспеттес үйдің екінші қабатынан тұтанып шатырына дейін тараған. Тұрғындар лапылдап жанып жатқан пәтерлерінің терезесінен секіріп аман қалыпты. Ал жоғарғы қабаттағылар сатымен түскен. Арасында жүкті әйелдер де болған.  

Бәйділдә Әбділдәев:

Үйдің бәрі түтін болып кетті. Елдің бәрі айқайлап, «өртеніп жатыр, қашыңдар» деді. Сонымен екі кішкентай баламмен ды сыртқа жүгіріп шықтық. Ар жақтың барлығы өртеніп кетіпті. Бір екіқабат әйелді секіртіп түсіртіп алдық. Біреуі секіріп еді, жедел жәрдем алып кетті.

Бұл үйдің иесі бір адам. Ал қалғаны соны жалдап тұрады. Өрттен кейін 48 адам сол маңдағы мектептің спортзалында түнеген. Жергілікті билік екі мезгіл ыстық тамақ пен киім-кешек беріпті. Бірақ тұрғындардың көбіне бұл үйге қайта оралу енді екіталай.

Айнұр Сафарова:

Баратын жеріміз жоқ. Спортзалда жатырмыз. Кешеден бері әкімдік жәрдем беріп жатыр. Алатау ауданының. Енді бізге шық деп тұр, дәл қазір. Қайда барамыз екі баламен? Екінші қабаттан секірдім. Аяғым істеп тұрған жоқ. Бірақ қожайын жағдайымды сұрамай, «затыңды жина да, шық» деп тұр. «Ақшаңды төлемегенсің» дейді. 

Өртті сөндіруге 58 құтқарушы жұмылдырылған. Олар отты бір сағатта өшіргенімен, жалын 250 шаршы метр жерді шарпып үлгеріпті. Жанып жатқан ғимараттаналты газ баллоны дер кезінде шығарылған.

Нұрлан Таубеков, Алатау ауданы ТЖБ бастығы:

Шағын бизнес кәсіпкерлігі бойынша бұл нысанға өрт қауіпсіздік саласында тексеріс жүргізілген жоқ. Бүгінгі таңда құжаттардың барлығы тексерілуде. Содан кейін шешім қабылданатын болады. Жас баланың абайсыз от қою себеп болған. Қасақана от қою себебі де қарастырылуда.

Үйдің бірінші қабаты техникалық қызмет көрсету орталығы болса, екінші мен үшінші қабатындағы бөлмелер жалға беріледі. Енді сол бөлмелердің өзіне зар болып қалған тұрғындарға әкімдік көмек беру мәселесін қарастырып жатыр.

Қанат Әшірбеков, Алатау ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы:

Қазір пәтер мәселесін қарастырып жатырмыз. Және де осы үйдің иесі Жайнақов Дәулет деген кісі де осы айналадан пәтер қарастырып жатыр. Егер пәтер табылып жатқан жағдайда оларды көшіреміз. Пәтердің иесі алдын ала төленіп қойған ақшасын сол жаққа аударатын болады.

Сол пәтер табылғанша, баспанасыз қалған жұрт тағы да спортзалда түнеуге мәжбүр. Ал өрт дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде