{metadescription}
«Алтын Орда» жолайрығының жыры бітпеді, тағы қаражат керек
«Алтын Орда» жолайрығының жыры бітпеді, тағы қаражат керек

«Алтын Орда» жолайрығының жыры бітпеді, тағы қаражат керек

Алматы облысындағы атышулы «Алтын орда» базарының маңындағы жолайрықтың жыры әлі біткен жоқ. Бес жылға созылып әзер ашылған айналма жолды толық аяқтауға қазынадан қосымша қаражат керек.

Қымбатшылықты алға тартқан «Қазавтожол» өкілдері жобалық-сметалық құжатты қазіргі бағамен қайта жасап жатыр.

Ал сол жолайрықтық жалғасы ретінде салына бастаған эстакаданың құрылысы тоқтап тұр.  Маңайдағы мыңдаған тұрғынның жүріс-тұрысы қиындаған. Көлік кептелісі де сол күйі толық шешілмеді.

«Алтын орда» базарының маңындағы жолайрық өткен жылы пайдалануға берілген. Облыс пен қала тоғысатын жолда қазір көліктер арлы-берлі зуылдап жүр. Алайда эстакада ашылғанымен, «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінің халқы кептелістен әлі күнге дейін көз ашпай отыр. Өйткені тұрғын үй кешеніне кіріп-шығатын көпір құрылысы тоқтап тұр.

Аяқталмаған айналма жол асылармандықтардың бас ауруына айналған. Қараша таңғы қарбаласта кешеннен шаһарға шығу тіптен қиындады деп қапалы.

Думан Хамитов:

- Райымбектің арғы жағындағы бағдаршамнан айналып кетеміз. Кірген кезде де арғы жақтан айналып кіреміз. Мынау бітпегеннен кейін қиын болып жатыр. Бұл жерде мектеп жоқ қой. Барлығы баласын қалаға апарады.

Бетоны ғана қойылған эстакада және Кемертоған мен Райымбек ауылдарының жанынан екі жол үсті өткелін салуға бюджеттен екі жарым миллиард қаражат бөлінген. Дегенмен шабан жүріспен құрылысты бастаған мердігер компания жұмысты соңына дейін жеткізбей орта жолдан тастаған.

Ораз Дуанханов:

- Тоқтағанына алты айдан асып кетті. Бірге шешілу керек еді. Осы шешілмей қалды. Таңғы алты жарымнан онға дейін кептеліс болады. Осы «Асыл арманның» өзінде ғана осындай кептеліс болады.

Төрт шақырымдық «Алтын Орда» жолайрығының жыры да әлі бітпей тұр. Бес жыл бұрын ауқымды жобаға 10 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Алайда созбаққа салынған айналма жолдың құрылысы бес ай бұрын әзер ашылды. Бірақ әлі де аяқталмаған шаруа шаш етектен. Мәселен, көпірдегі тас жолдың үстіңгі қабаты төселмеген. Жаяу жүргіншілер жолы салынбаған, жарық шамдары орнатылмаған, жол белгілері қойылмаған. Қымбатшылықты алға тартқан «Қазавтожол» өкілдері көпірдің құрылысын толық аяқтау үшін бюджеттен қосымша қаражат керек деп отыр.

Нұрхат Ақылтаев, «Қазавтожол» ҰК АҚ Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары:

- Біздің жобамыз 2017 жылы жасалынған. Құрылыс материалдары мен құрылыс жұмыстарының құны сол 2016-2017 жылмен есептелген. Қазіргі таңда бес жыл өткеннен кейін құрылыс материалдары бірнеше есе қымбаттаған. ҚР заңнамасына сәйкес жобалық-сметалық құжаттарға өзгерістер енгізіп, мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін бізге қосымша қаражат бөлініп жұмыс толықтай аяқталады.

Алматы Үлкен айналма жолының құрылысы да қазір қыз-қыз қайнап жатыр. Сондықтан автокөлік дәлізінің жоғарғы Қаскелең тас жолымен қиылысатын тұсы тамыз айына дейін уақытша жабылған. Облыстан шыққан көліктер енді Алматы-Бішкек тас жолына ағылатын болады. Соның салдарынан «Алтын орда» базарының маңындағы кептеліс қайта ушығуы мүмкін.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде