Сәбиді құтқарған Сәбит. Биыл елордада 9 бала терезеден құлаған
Жаңа жұмыс, жаңа үй. Бір баланы өлімнен аман алып қалған қызылордалық жігіттердің өмірі әп-сәтте өзгерді. 8- қабаттан құлап кете жаздаған сәбиді құтқарған Сәбит Шонтақбаев тұрғын үйдің құжатына қол қойды, ал екінші батыр атанған досына екі бөлмелі пәтердің сертификаты табысталды.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
12.05.2022
Көпке үлгі болған достардың ісін кәсіби құтқарушылар ерлік деп санайды. Алайда ата-аналарға жауапкершілікті күшейтуге кеңес береді. Жыл басынан бері елордада 9 бала терезеден құлап кетіпті.
Сегізінші қабаттағы сәбиді құтқарған Сәбиттің ерлігі көпті тәнті етті. Алайда бұл оқиғаның көлеңкесінде қалған тағы бір адам бар. Ол – Сағи Жылқышиев. Үш жасар қызды құтқарғанда ол жалғыз өзі Сәбит Шонтақбаевтың аяғынан ұстап тұрған.
Достардың достығы бұл оқиғадан соң одан бетер нығая түсті. Енді екеуінде де елордада пәтер болады. Бүгін құрылыс компаниялары оларға екі және үш бөлмелі пәтер сертификатын табыстады. Қызылорда облысының тумалары үшін жағаұстатарлық жағдайдан кейінгі сәттер түс сияқты.
Сағи Жылқышиев:
- Таңертең ұйқыдан тұрдық. Кештеу тұрып қалдық та, сол сәт те қалаған шығар, сондай уақытта тұруды. Апыр-топыр шықтық та, бір мезетте көріп қалдық. Ешқандай сезім болған жоқ. Шықтық, көрдік, құтқардық. Әрі қарай жұмысымызбен кете бердік.
Үш жасар қыздың балконның ернеуінде ілініп тұрған видеосы күні кеше әлеуметтік желіні лезде шарлады. Ата-анасының қарауынсыз қалған бүлдіршін терезенің жақтауына мініп далаға ұмтылған. Карнизді ұстаған күйі 12 минуттай тұрыпты. Халықтың шулағанын көрген Сәбит пен Сағи бірден баланы құтқаруға ұмтылған. Сегізінші қабаттағы пәтерді оларға ешкім ашпаған. Бірден жетінші қабатқа жүгірген екеу терезеге бет алып, кішкентайды бір өлімнен аман алып қалады.
- Қанша адам қарап тұрғанын қараңыз. Бір жігіт көтеріліп барады. Бала айқайлап жатыр, Байбаламға салуды бастады. Аяғымен ұрып жатыр.
Құтқарушылар мұндай жағдайда баласына зер салмайтын ата-аналарды кінәлайды. Әсіресе балалардың жоғарыдан құлауы күн жылыған кезде, пәтерді желдету үшін ашқанда жиілейді екен. Сондықтан сәбиін қорғауды ойлаған әр ата-ана арнайы торкөз қойып, сақтық шараларын сақтауы тиіс. Егер төтенше жағдай болып қалған жағдайда ережеге бағынып, көмекке құтқарушыларды шақырған жөн.
Павел Володин, Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД құтқару бөлімшесінің басшысы:
- Осындай оқиға орын алғанда халық бірінші көмектесуді емес, телефонына түсіруді ойлайды. Алдымен 112 немесе 101ге телефон соғу керек. Әрі қарай пәтерге кіру әрекетіне көшуі қажет. Мәселен, кешегі жағдайда Сәбит істегендей, астыңғы қабатқа түсуге тиіс. Шынын айтқанда, ол бүгінгінің батыры. Ерлік көрсетті. Өз өмірін қатерге тікті.
Төтенше жағдайлар департаменті бүгінде балалардың терезеден құлау деректерін тіркемейді. Бәрі полицияның құзырында. Тәртіп сақшыларының мәліметінше, жыл басынан бері қалада 9 бала оқыс жағдайға тап болыпты. Бәрі дін аман.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!