Шымкент изоляторынан 10 жылда бірінші рет адам қашты
Түркістан облысында қамаудан қашып кеткен күдікті бір тәуліктен кейін ұсталды. Шымкенттің тергеу изоляторында отырған азамат абақтыдан кеше сытылып кеткен.
Автор: Бек Әбиев
12.05.2022
Қашқынды құрықтау операциясына Шымкент, Түркістан мен Жамбыл облысының полицейлері де тартылды. Қалаларға кіріп-шығып жатқан көліктер де тексерілген. Қашқын алысқа ұзамапты.
42 жастағы күдікті Түркістан облысының аумағында қолға түсті. Абақтыдан қашқан ол танысының үйін паналаған. Мұнай құбырларын ұрлағаны үшін тергеліп жатқан ол енді түрмеден қашқаны үшін де жауап береді.
Қылмыстық атқару жүйесінің қызметкерлері Шымкенттің тергеу изоляторынан 10 жылда бірінші рет адам қашты деп ақталды. Бірақ тергеудегі азаматтың қатаң қорғалатын аймақтан қалай шығып кеткенін түсіндіре алмады.
Камила Гиреева, Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз хатшысы:
- Күдікті Түркістан облысының азаматы. Бұрын сотты болмаған. Тергеу изоляторында тергеліп жатқанына бір айдай болған. Кеше абақтыда 100-ге тарта қызметкер болған. Қалай шығып кеткені енді тексеріліп жатыр. Бірақ тергеу изоляторында кеше кезекшілікте болған қызметкерлер тергеу қортындысымен міндетті түрде тиісті жазасын алады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!