Ақтөбеде 100-дей отбасы өз баспанасын меншіктей алмай отыр
Ақтөбеде жүзге жуық отбасы екі жылдан бері өз баспанасын меншіктей алмай отыр. Өйткені құрылыс компаниясы тұрғындарға үйге көшіп келуге рұқсат бергенімен, қолына заңды құжат ұстатпаған.
Автор: Жаңалық Ахаш
12.05.2022
Техникалық паспорттың жоқтығынан көпқабатты үйде су мен жылу, жарық жиі болмайды. Ал құрылысты бақылауға жауапты шенеуніктер ғимараттың сапасыз салынғанын айтады. Соның кесірінен адам тұруға рұқсат бермей отыр екен.
Жаңа салынған үйге тұрғындардың көшіп келгеніне екі жылға таяды. Содан бері жағдайы мәз емес екен. Бір күн жарық өшсе, ертесіне пәтерде су болмай қалады. Техникалық құжаттың жоқтығынан коммуналдық шаруашылық жағынан қиындық көріп отырмыз дейді Достар кешенінің тұрғындары.
Ханзада Мұқашова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Техпаспорт керек. Айтатын болсақ, бұл үйде кемшілік жетіп жатыр. Су жоқ. жылуды желтоқсанда берді. Екі ай қосты да, оның жартысында. Жертөле салынып, кірмей тұрып шіріп жатыр.
Берік Тәжіғұлов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Лифті қосып берсе дейміз. Сосын салқын су. Бізде жылумен бірге ыстық суды сөндіріп тастады. Енді суық сумен жуынып отырмыз.
Құрылысты қадағалауға жауапты шенеуніктер тұрғындардың бұл үйге қоныстанып алғанына таң. Әкімдіктегілер қолданысқа беруге тыйым салып, құрылыс компаниясын сотқа берген. Өйткені тұрғын үй сапасыз әрі жобаға сай салынбаған. Әу баста жеті қабат болады деп жоспарланған нысанға тағы бір қабатты артық салыпты. Бұл аздай, қабырғалары да қалың емес дейді жауаптылар.
Қуаныш Әкиев, Ақтөбе облысы мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасының бас маманы:
- Сырт қабырғаның қоршау қалыңдығы аз болғаны анықталды. Сондайақ төрт кіре беріс, төрт подъезден балкон болмауы анықталды. Пандус болған жоқ. Заң бұзушылықтар, жобадан ауытқушылықтар анықталды. Басқарма әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Бұл құрылысқа «Эвелина» компаниясы жауапты. Ал құрылыс компаниясының басшылары мәселесін айтпақшы болған тұрғындарды жақын жолатпайды. Тілдесуден қашып жүр.
- Ештеңе айтпаймын. Ештеңе уәде етпеймін.Білмеймін.
- Сіз білмесеңіз кім біледі?
- Барып жүрген өздеріңіз білесіздер. Өздерің барыңдар.
Мәселені өзіне ысырып отырған компания басшыларынан тұрғындар түңіліп отыр. Енді сапасыз қызмет көрсеткені үшін оны сотқа бермекші.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!