Жекеменшік балабақша иелері лицензиядан өтуге қарсы
Жекеменшік балабақша иелері лицензиядан өтуге қарсы. Бұл шағын және орта бизнеске жасалған қастандық дейді олар. Бүгін осы кәсіппен айналысып жүргендердің бірсыпырасы елордада наразылық білдірді.
Автор: Әзиза Төленби
13.05.2022
Мемлекеттің міндетті тексерісінен өткісі келмейтін кәсіпкерлер кедергіден гөрі, қолдауды көбірек сұрап отыр. «Әйтпесе, құрдымға кетеміз» деп алаңдап отыр.
2011 жылдан бері бірде-бір тексерістен өтпей жайбарақат тірлікке үйренген жекеменшік балабақша меңгерушілерінде қазір ұйқы жоқ. Бүгін олар бизнесті қолдау палатасынан көмек сұрай келіпті. Алаңдатқан бір ғана мәселе – мемлекет барлық балабақшаны бірдей қайта лицензиялаудан өткізбекші. Жылдар бойы шағын және орта бизнестің көрігін қыздырып, үкіметтен субсидия алып отырған кәсіпкерлер бұған қарсы.
Бану Әлкенова, кәсіпкер:
- Әлбетте бүкіл құжатын апарып тапсырғанда бір ақау табылады. Қайтадан хатты қайтарып жібереді. «Мына жерін дұрыстаңыз» деп. Ол онымен дұрысталмайды, кәсіпкер шаршап жалығады. Ақыры «Қалай шешемін мына мәселені?» дейді. Ол мәселе әлбетте немен шешіледі? Қаражатпен шешіледі. Оның бағасы да бар, оны мен түгел білемін.
Жиналғандар тексерістің соңы жемқорлыққа, оның аяғы бизнесті құрдымға әкеледі деп отыр. Өздері санитарлық, қауіпсіздік шарасы түгел сақталған, стандартқа сай жұмыс істеп жатқанына сенімді. Ал жеке балабақшаларда болған соңғы уақыттағы жекелеген жәйттер көпке кесірін тигізбесе екен деп тілейді.
Ләйлә Күленова, Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығының төрайымы:
- Соңғы уақытта болып жатқан келеңсіз оқиғаның барлығы адами факторға байланысты. Ол жекеменшік пе, әлде мемлекеттік балабақша ма, маңызды емес. Өйткені бір тәрбиеші екеуінде де жұмыс істеуі мүмкін. Ал лицензия тәрбиешінің кәсібилігін тексермейді. Сондықтан министрлік бізді тұқырта бергенше, тек мемлекеттік емес, жекеменшік балабақшаның қызметкерлерін кәсіби біліктіліктен өткізуді ойласын. «Неге соңғы уақытта мұндай жағдайлар көбейіп кетті?» дегенге жауап іздесін.
Жаппай тексеріс, қайта лицензиялау мәселесі, соңғы уақытта жиі қайталанып кеткен балабақшалардағы ұрып-соғу фактілерінен кейін шыққан. Оның қалай болатыны, не сұрайтыны әзір белгісіз дейді жауапты тарап. Сондықтан кәсіпкерлердің неге байбалам салып отырғанын түсінбейді. Ал жемқорлық фактісіне жол жоқ екеніне сенімді.
Майра Мелдебекова, ҚР БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары:
- Бұл жерде ондай қауіп жоқ. Жалпы бұл мемлекеттік қызмет көрсетуге жатады, лицензияны алу. Бұл қызмет толық автоматтандырылған. Яғни ешқандай да лицензия алатын адам мен лицензия беретіннің бірбіріне байланысы болмайды. Оның барлығы базада беріледі. Түгел талапқа сәйкес енгізіліп отырады.
Еліміздегі барлық балабақшаның 47 пайызы жекеменшік секторда жұмыс істейді. Статусына қарамастан мемлекеттік қолдау бәріне бірдей бөлінеді, педагогтардың әлеуметтік пакеттерінде де алалау жоқ. Тек жекеменшік сектор әр балаға ай сайынғы төлемді өзі белгілейді. Мысалы, мүгедек сәбилерді ұрып-соғы дерегі тіркелген елордалық балабақша әр баланы бағып-қаққаны үшін айына 130 мың теңге алған.
Құзырлы мекеме балабақшаларға қатысты ережені заң жүзінде бекітіп алмаса, ешкімге құрық сала алмайтын сияқты. Өйткені таяқпен тәрбие жүргізген елордалық инклюзив балабақша қазір жұмыс істеп тұр. Меңгеруші 40 айлық есеп көрсеткіш, яғни 127 мың теңге айыппұл төлеп құтылыпты. Тек ұрып-соғу фактісі бойынша іс сотқа дейінгі тексеру үстінде. Ал мекеме жұмысын қосымша білім беру орталығы боп жалғастырып жатқан көрінеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!