Көрмеге бөлінген 146 миллионды қалтасына басқан
Мемлекеттің миллиондары мұражайда қолды болған! Ұлттық музейдегі бірқатар лауазымды тұлғалар бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің мәліметінше, музей басшылығы “Алтын адамның” әлем мұражайларындағы шеруі” халықаралық көрмесін өткізуге бөлінген қаржының 146 миллион теңгесін қалтаға басқан.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
16.05.2022
Ал мекемені үш жылдан бері Арыстанбек Мұхамедиұлы басқарды. Мұның алдында бес жыл мәдениет министрі де болған шенеунік іле-шала видео үндеу жариялап, “жемқорлыққа қатысым жоқ” деп ақталып жатыр. Мұхамедиұлы тінту мен тергеуді жемқорлықтан бұрын, актер Тұңғышбай Жаманқұловтың кек қайтармақ әрекеті деп түсінеді екен.
Таңнан бері ақпарат құралдары Ұлттық музейде тінту жүріп жатқанын жарыса жазған. Көп ұзамай құзырлы орган осы мекеме басшылығына қатысты тексеріс жұмыстарын бастағанын растады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, басшылық «Алтын адамның әлем мұражайларындағы шеруі» халықаралық көрмесін өткізуге бөлінген бюджеттің 146 миллион теңгесін жымқырды деген күдікке ілінген.
Арман Тілеукенов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі:
- Cыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің "Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі" лауазымды тұлғаларына қатысты "Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі" халықаралық көрмесін өткізу бойынша Мемлекеттік сатып алу туралы шарт аясында 146 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқыру белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Шарттың жалпы сомасы 1,2 млрд теңгені құрайды. Тергеу сотының санкциясымен қазіргі уақытта тінту, сондайақ куәлардан жауап алу және басқа да тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан Ұлттық музейді үш жылдан бері Арыстанбек Мұхмедиұлы басқарады. Ол да іле-шала видео-үндеу жолдады. 22 минуттық таспада экс-шенеунік алдымен атқарған қызметтерін ерінбей тізіп шыққан. Содан кейін үстінен Тұңғышбай Жаманқұлов жөн-жосықсыз арыз жазып келетінін жеткізді. «Кезінде жемқорлық айыбын бетіне басқаным үшін актер мені ата жауындай көреді» дейді музей директоры.
Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Ұлттық музейінің директоры:
- Тұңғышбай Жаманқұлов менің үстімнен арыздарды жазып жатыр. Өздеріңіз білесіздер, видео фильм шықты. Оның барлығын бірнеше рет тексерістен өтті. Ешқандай заң бұзушылық болған емес. Мен мемлекетті қызметте болған соң Ұлттық қауіпсіздік комитетінің де назарында болғам. Ондай заңбұзушылықтар болса, бірден шаралар қолданар еді. Заңбұзушылықтар болса, мойныма аламын. Тексеріңіздер. Шындық қай жақта болатыны белгілі болады.
Халық әртісі Тұңғышбай әл-Таразидің өзі ұлттық музейдің басшының үстінен шағым түсіргенін жасырмады. Айтуынша, Арыстанбек Мұхамедиұлының кесірінен нақақтан-нақақ айып тағылып әділетсіз сотталған.
Еске салсақ, аты дардай актерге бес жыл бұрын өзі продюсер әрі негізгі рөлді сомдаған «Феникс» атты фильмге бөлінген ақшаны талан-таражға түсірді деген айыппен шартты жаза кесілген болатын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!