Текелі: Бес жасар бүлдіршін үйінді астында қалды
Алматы облысындағы Текелі қаласынының жұртшылығы лай көшкінінің салдарымен әлі күресіп жатыр. Айтып келмеген апаттан бес жасар бүлдіршін үйінді астында қалды. Жырадағы тұрғындарды әбігерге салған төтенше жағдайға қатысты арнайы құрылған комиссия тексеріске кіріскенмен, жергілікті халықтын өз айтары бар.
Автор: Асқарбек қазанғап
16.05.2022
“Үйіміз апатты деп танылсын” дегендер қоныс аударуды қалайды. Ал комиссия қорытындысын күткен шенділер әзірге шешім қабылдауға асықпайды.
Жыландай жылыстап батпаңдаған батпақтың нөпірінен тұрғындар тым-тырақай қашты-ақ. Алайда ажал лай жайпаған баспанада қалған бес жасар бүлдіршінді айналып өтпеді. Әлеуметтік желіде үрей әлегімен моншадан үдере шыққан жұптың видеосы тарады. Елең-алаңда не болғанын бағамдап үлгермегендер сау басын құтқару үшін бас сауғалап жатыр.
Тасқыннан соңғы көрініс. Түннен бері тазалау жұмысы тоқтамай жалғасып жатыр. Мына тұрған үй жермен-жексен болып, орнын лай басқан. Көрші тұрған баспана да белуарына дейін батпаққа батқан. Ал куәгерлердің айтуы бойынша құтқарушылар марқұм болған бүлдіршінді осы аумақтан тапқан.
Қанша жерден жанталасқанмен, тек жеті сағаттан соң сәбидің жансыз денесі табылды. Қазір қара жамылған отбасы мәйітханың аумағын торуылдап жүр. Амангелді Жидебаев айдын-күннің аманында лай лап қойғанда үйде отбасымен отырған. Ештенеңі алып үлгерместен бірден сыртқа ентелеген.
Амангелді Жидебаев, Текелі қаласының тұрғыны:
- Жер неғылғандай болды. Мен ойладым, жүк машинасы бір өтіп бара жатқан шығар деп. Сөйтесем айқайшу болды, көршілер терезені қақты. Не болды екен деп бері шықсам, мынау терезеге келіп қалған екен, жартылай. Сөйтіп балаларды алып шығам деп жүрген күннің өзінде бұзып кірді ғой. Шығайын десем, батпақ жауып қалды, тіреліп.
Амангелді аман қалғанмен, өзі мен көршілерінің күні не болары, енді оны сары уайымға салды. Әзірге құр комиссия құрылды, шығын көлемін есептеп, жағдайды бағамдайды деген жергілікті әкімдіктің жауабы көңілдерін көншітпейді. Жар жағасындағы жұртшылық лаж болса, қауіпсіз жерде қоныс тебуді қалайды.
Әсет Әбдібеков, Текелі қаласының тұрғыны:
- Ақылы бар адам бұдан кейін тұрмайды ғой. Адам өзіне ажал іздемейді ғой. Енді «сақтансаң сақтайды» дейді құдай. Дұрыс қой, мынадан кейін шара қабылдану керек. Енді қазір мынаның бәрін тазалап жатыр, тазалағаннан кейін бұл көршіге тиген зат, ертең бір жаңбыр жауса, мына жақты кетуіне ешкім кепіл бермейді.
Тілерсектен асар сазды өңгеруге Текелінің жігіттері жетпегесін, көрші ауданнан сарбаздар көмекке жеткен. Жұмыстың бір күнде бітер түрі жоқ. «Аш бәледен қаш бәле» деген қоңсылас үйдің тұрғындары есіктеріне құлып салып кетіп қалған.
Мұратбек Парманов, 28237 әскери батальоны бөлімінің командирі:
- Осы мәселеге байланысты жүзге жуық әскери қызметшіміз жұмылдырып, осы жұмыстарды істеп жатырмыз. Күні кеше осы жерге келіп жеттік.Әкімдіктің және төтенше жағдайлар департаментінің тапсырмасы бойынша, осы кешегі лай сел бойынша, біздің рота командирлермен бірге үш бағытта лайды үйден шығару бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз.
Лайдың басы жоғарыдағы көшеден басталып, тасқынға ұласқан. «Жаңбыр суы мұндай салдарға әкеліп соғуы мүмкін бе?» деген сұрақ қазір бәрінің басын қатырып тұр. Әзірге әкімдіктегілер де алдын ала болжам айтуға абайлап, жаттанды сөзбен шектелді.
Серік Болысбайұлы, Текелі қаласы әкімінің орынбасары:
- Қала халқында әр тарапты әңгімелер таралуда. Бірақ комиссия жұмыс істеуде. Бұл лай көшкінің, бұл төтенше жағдайдың салдары, себебі комиссия қорытындысы бойынша белгілі болады. Қазір оған жауап бере алмаймын.
Текеліні тіксінткен кешегі лай көшкіннің ұзындығы 50 метрге ұласты. Көлемі шамамен бес мың текше метр батпаққа жуық. Жергілікті жұрт: «Ес білгелі табиғаттың осындай тосын мінезін көрмедік», - дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!