{metadescription}
Әкімдерге жол жөндеуге үш жыл уақыт берді – қылмыстық жауапкершілік
Әкімдерге жол жөндеуге үш жыл уақыт берді – қылмыстық жауапкершілік

Әкімдерге жол жөндеуге үш жыл уақыт берді – қылмыстық жауапкершілік

Шұрық-тесік жолдар енді аймақтың ғана емес, тікелей әкімдердің де айнасы. Үкімет өңір басшыларының жұмысын бағалайтын жаңа әдісті қолға алып көрмек. Асфальттің сапасы нашар болса, әкімдер рейтингте төмендейді. Тіпті, жол салғандармен қоса қылмыстық жауапкершілік арқалауы мүмкін.

Ал «қаржы жоқ» деп шенеуніктердің сылтауратуға қақысы жоқ. Индустрия министрлігі қыруар ақша бөлуге әзір. Бастысы, ойдым-ойдым жолды сапалы жөндеп, айнадай етуге облыс, қала, ауыл әкімдерінің үш жыл ғана уақыты бар.

Бүгінде жергілікті жолдар туралы жұрттан сұрай қалсаң, оңды пікір естіп жарытпайсың. Үкімет те шаршаған сыңайлы. Әкімдерге талапты күшейтті. Енді ауыл, қала, облыс басшыларының қандай екенін жолдардың сапасымен бағаламақ. Нашар болса, рейтингте бір ұпайын кемітеді. Тіпті темірторға тоғыту да көзделген. Әрине, әкімдермен бірге жол салғандар да қылмыстық жауапкершіліктен құтылмайды. Сол үшін бір мыңнан астам нормативтік-құқықтық актіні қайта өңдеуді қолға алды.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- Әкімдерді жолдарға көңіл бөлуі үшін рейтинг құрайын деп жатырмыз. Сол рейтинг бойынша баға беретін боламыз. Жолға қатысы бар жобаны қадағалаған компаниялар, мердігерлер, жолды қабылдаған адамдар, түгел жазаға тартылады. Жазасын күшейтіп жатырмыз. Бұрын айыппұлмен шектелетін. Қылмыс қозғалатындай деңгейге жеткізейін деп жатырмыз.

Ал рейтинг бүгіннен басталса, оның басында Ақтөбе шаһарын басқаратын Асхат Шахаров тұрар еді. Өйткені тоз-тозы шыққан жолдарды осы қалада кездестіруге болады. Қыруар қаржыға жылда жөнделгенімен, жылға жетпей жырылып қалады. Бұл әсіресе көлік жүргізушілеріне үлкен мұң.

Арнұр Есенғұлов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

- Мына жерді өзіңіз көрген шығарсыз. Мына жермен неше рет өттім. Жаңбырда астында не жатқанын білмейсің. Масқара. Бүкіл ақшамыздың бәрі құралға кетеді. Жолдардағы шұңқыр деген масқара. Жүруге келмейді. Есет батыр, Тургенев көшесімен жүре алмайсың. Базардың маңайы өте нашар.

Абдулфато Шнуриев, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

- Биыл салған жолдың өзі көріп отырсыздар, жаңа асфальт бар, Заречныйдың. Ол жердің шұрықтесігі шығып жатыр. Ешқандай көлік жүре алмайды. Қалтаға күш түседі, көлігімнің жүріс бөлігін түк қалдырмады. Әкім қарауы керек қой, әкімнің қарап жатқанын біз көрмейміз ешқандай да. Бұған кім жауап береді? Әкім жауап бере ме, әлде жолды істеп жатқан адам жауап бере ма? Сапасыз жолдар.

Бұл Батыс Қазақстан облысындағы жолдар. Казталовка - Жәнібек, Ресей шекарасына дейінгі және Өнеге – Бейсен - Сайхин арасындағы трассаны жөндеу 2020 жылы басталды. Алайда халық екі жылда 23 миллиард теңге салынған 55 шақырым ғана жолдың игілігін көріп отыр. Бір шақырымға қанша жұмсалғанын санап көрсеңіз, шошисыз. Аяқсыз қалған жоба үшін Батыс Қазақстан облысы бойынша «Қазавтожолдың» филиал басшысы қызметінен кетті. Дауға индустрия вице-министрі Берік Қамалиевтің де қатысы бар. Ол да жұмысынан босатылды. 

Жалпы мерзіміне жетпей шұрық-тесік күйге түсетін жолдарға жыл сайын қаржы аямай құйылып жатыр. Биыл да жолды жөндеу, қайта құрылымдау және құрылысына алты жүз миллиард теңге бөлінген. Бүкіләлемдік экономикалық форум шығарған жол сапасы рейтингінде Қазақстан 141 елдің ішінде 93-орында.

Еліміздегі жолдардың нашар күйде екенін түсінген индустрия министрлігі бұл жолы мықтап жұмысқа кіріскен. 30 жылда салынбаған айнадай жолдарды үш жылда салып, қайта жөндемек. 2025 жылға дейін шенеуніктердің жоспары бойынша жергілікті жолдар 95 пайызға, республикалық жолдар 100 пайызға жаңалануға тиіс.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде