Референдумда қызмет еткендерге – 275 мың теңге
Жалпыхалықтық референдумда қызмет еткендерге 275 мың теңгеден төленеді. Бұл заң бойынша белгіленген елдегі орташа жалақы мөлшері. Бірақ саяси науқанда тер төккендердің барлығы бірдей мұндай еңбекақы алмайды дейді Орталық сайлау комиссиясының мүшелері. Оның өз тәртібі бар.
Автор: Елдос Есенбол
17.05.2022
Дауыс беру учаскелеріндегі кабиналар жаңартылмағанымен, бюллетень жәшіктері тез тозады екен. Ақшаның бір бөлігі осы бағытқа жұмсалмақшы. Алдағы саяси науқанға дайындық қалай өткізіліп жатыр?
5-маусымда өтетін жалпыхалықтық референдумға қатысты халық көкейінде сұрақ көп. Алдымен, бұл күні ел Конституциясының 33 бабына енгізелетін 56 түзету дауысқа түседі. Ол жаңашылдықтар туралы азаматтар бүге-шүгесіне дейін Орталық сайлау комиссиясының сайтынын оқып біле алады. Өзектілері – адам құқығына басымдық беру, суперпрезиденттік жүйеден бас тарту, жер мен оның қойнауындағы байлықтың иесін нақтылау.
Саяси науқанға бөлінген қаржының 80 пайызға жуығы қызмет еткен комиссия мүшелерінің, бақылаушылардың жалақысы. Ол елдегі орташа жалақы мөлшерімен есептеледі. Ұлттық статистика бюросының 1-сәуірдегі ақпаратында ол 275 438 теңгені құраған. Бірақ референдумда қызмет еткендердің барлығы мұндай қомақты еңбекақы алмайды. Олардың табысы жұмыс істеген уақытына қарай есептеледі.
Сәбила Мұстафина, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:
- Көптеген дауыс беру учаскелеріндегі кабиналар жаңартылмаған. Әр сайлау болған сайын тек ондағы тозып кеткен жапқыштары ғана ауыстырылады. Сайлау жәшігі де тез тозады. Барлық дауыс берушілер учаскеге келе алмайды ғой. Сайлау жәшігін арлыберлі алып жүруге тура келеді. Өте мұқият болу керек. Бірақ бұл жолы арнайы сайлау жәшігі жасалмайды. Өйткені осынша қысқа уақытта дайындап үлгеру мүмкін емес.
Қазір бюллетеннің мәтіні мен формасы бекітіліп қойған. Ал дауыс беру тәртібі бұрынғысынша. Жасырын кабинада жалғыз өзіңіз толтырасыз. Тек бір нұсқаны ғана белгілеу міндет. Егер сайлау учаскесіне бара алмайтын болсаңыз, 12 сағат бұрын ескерту қажет. Егер кейбір азамат денсаулық жағдайына немесе өзге де себептерге байланысты өз бетінше толтыра алмаса, олар бақылаушылардан емес, өзге азаматтардан көмек сұрауға құқылы. Ал өзіңіз бекітілген учаскеден басқа орында дауыс берудің өз тәртібі бар.
Константин Петров, ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:
- Әр азамат тек бір рет, бір сайлау учаскесінен дауыс беруге құқылы. Және ол тұрғылықты мекенжайы арқылы бекітіледі. Егер азамат басқа жерден дауыс беремін деп шешсе, ол алдымен тұрғылықты мекенжайындағы орталықтан шығарылуы міндетті. Және оны өз аяғымен барып алуы тиіс. Онлайн қызмет қарастырылмаған.
23-мамырдан бастап қазақстандықтарға SMS арқылы қай учаскеге тіркелгендері туралы анықтама келе бастайды. 18 жасқа толған кез келген Қазақстан азаматы Референдумға қатыса алады. Елде 10 мыңдай учаскеден 11 миллион 722 мың қазақстандық дауыс беруі керек деп болжанып отыр. Олар таңғы жетіден бастап ашылады.
Ал референдумның әділдігін әдеттегідей шет мемлекеттен шақырылатын ұйымдар мен халықаралық бақылаушылар да қадағалайды. Сондай-ақ тағы 20 елдің орталық сайлау комиссияларының төрағаларына шақырту жіберіп қойыпты. Бірақ олардың жатар орны мен ішер тамағы біздің мемлекет есебінен емес. Тек түртіп қояр қойын дәптері мен қаламсабын ғана әпереміз дейді Орталық сайлау комиссиясындағылар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!