Ақтауда әскери бөлімнен қашқан сарбаз табылды
Ақтауда әскери бөлімнен қашқан сарбаз дін аман табылды. Бірақ Бағлан Әділбеков әрекетін түсіндіре алмаған. Енді Отан алдындағы борышын өтеуден жалтарған жауынгер жауапқа тартылады.
Автор: Айман Нұрмағанбет
17.05.2022
Әскери бөлім командирі Бағлан Әділбековтың бүгін таңертең табылғанын хабарлады. Ол Ақтаудағы полиция пунктіне өзі келіпті. Қазір қызметтік тексеру жүргізілуде. Әскерилерді аяғынан тік тұрғызған сарбаз ата-анасымен де жолығыпты.
14-мамыр күні патрульдік күзетте жүрген жауынгер әскери бөлімге келмей, өздігінен белгісіз бағытта кетіп қалған. Ең қызығы, сарбаздың Отан алдындағы борышын өтеп үйіне қайтуына екі апта қалған екен. Бірақ белгісіз себептермен бөлімнен қашып кеткен жігіттің ата-анасы әскерилерге қарсы ешқандай арыз-шағымыз жоқ депті.
Марат Рахпанов, 6656 әскери бөлімінің командирі:
- Сарбаз қаладағы теңіз жағасынан табылды. Әзірге оның неге қашып кеткені белгісіз. Бұл іске қатысты қызметтік тергеу жүріп жатыр. Сарбаз бен оны көзден таса қылғандар тәртіптік немесе әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін. Бұл іске қатыстылардың барлығы жауап береді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!