Баспана: «Алматы жастарына» құжат қабылдау басталады
Биыл тағы да мың алматылық баспаналы болады. 35 жасқа дейінгі әр саланың мамандары үшін оңтайлы «Алматы жастары» бағдарламасына құжат қабылдау ертеңнен басталады.
Автор: Асқарбек Қазанғап
17.05.2022
18 мамыр - 1 маусым аралығында жеңілдетілген тұрғын үй несиесін алуға үміттілер «Алматы жастары» сайтына өтініш пен құжатын жүктеуі қажет. Қала қазынасынан бұл жолы 18 миллиард бөлініп отыр. Байқаудан өткен 1000 адамның әрқайсысына банк 18 млн теңгеге дейін береді. Жылдық мөлшерлемесі – 5 пайыз. Ал бастапқы жарна – 10 пайыз. Сегіз санаттағы мамандық бойынша өтініш қабылданады. Қазіргі қызметінде кемі жарты жыл жұмыс істеуге тиіс. Айта кетейік, ең төменгі пайызбен баспана берілетін «Алматы жастары» бағдарламасы 2020 жылы басталған.
Ермек Әміров, Алматы қаласы тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары:
- Бұл бағдарламаның бір ерекшелігі – қатысушылардың Алматы қаласында тіркелуі міндет емес. Оның міндеттерінің бірі – Алматы қаласында алты айдан астам жұмыс істеу. Бағдарламаға сәйкестігі тексеріледі. Тексеріліп болғаннан кейін ұпай саны бойынша ең алғашқыларына, өздерінің жеке кабинеттеріне жолдама түсіріледі. Сол жолдамамен ол азаматтар банкке жүгінуге мүмкіндігі бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!