Елімізде ТіkТоk туралы алғашқы фильм түсірілді
Елімізде ТіkТоk туралы алғашқы фильм жарыққа шықпақ. Туындыда бюджеттен түскен қаражатты қалтасына басқан жергілікті әкімнің қитұрқы әрекетін жасөспірімдер әшкерелеп береді.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
17.05.2022
Енді жастар тоз-тозы шыққан туған жерін көркейтуге ауылында «ТикТок Хаус» ашып, күтпеген жерден әлеуметтік желіде танымал болады. Қызық пен шыжыққа толы отандық комедия 26 мамырдан бастап еліміздің барлық кинотеатрларынан тамашалыңыздар.
Фильмде ауыл жастарының өмірі көрсетілген. Басты кейіпкердің қарындасы ауыр дертке шалдығып ем-домға ақша жинау керек болады. Жасөспірімдер жергілікті әкімнің жемқор екенін біледі. Сондықтан олар шенеуніктің қызын ұрлап, әкесінен қомақты қаражат талап етеді.
Дәулет Өзбеков, актер:
- Мина қаланың қызы болады. Төртеуімізге қатысы жоқ. Оның әкесі біздің ауылдың ақшасын жеп қойған. Сөйтіп біз сол қызды алып қашып кетеміз. Ортада махаббат пайда болады. Менімен Минаның арасында. Сөйтіп ауылдың жағдайын жақсартамыз.
Ал ауылдың жағдайын жақсартуға тікелей сол шенеуніктің қызы мұрындық болған. Ол өзін алып қашқан қатарластарымен бірге ТИК-ТОК HOUSE ашады. Шалғай елдімекеннің қалыпты өмірін көрсету арқылы әлеуметтік желіде миллиондаған қаралым жинап, тез танымал болады.
Негізі фильм қоғамда болып жатқан мәселелерді қозғайды. Мысалы, ата-анамен бала арасындағы түсініспеушілік бар. Бір-біріне деген реніш бар. Соларды осы фильмде жақсы ашады деп айтқым келеді. Негізі бұл фильмнің көрерменге берері де, айтары да өте көп.
Он күнге созылған түсірілім Алматы маңындағы нағыз ауылда өткен. Ал актерлік құрам әлеуметтік желіде танымал жастар. Олардың басым бөлігіне фильм кино саласындағы алғашқы тәжірибесі.
Анна Дармодехина, фильмнің маркетинг бойынша менеджері:
- Біз кәсіби актерлерді қабылдаған жоқпыз. Себебі, көрермендеріміздің өзіне ұқсас шынайы жастардың болғанын қаладық. Фильм айналаңда болып жатқан қиындықтарға бейжәй қарамауға үйретеді. Әрбір адамда өз өмірін және өзгенің өмірін өзгертуге мүмкіндік бар.
Ауылдың жағдайын оңалтуға бел буған бес кейіпкердің тағдыры қандай болмақ? Достық, махаббат, сатқындық және адалдықтың шын бейнесі көрсетілген отандық комедия 26-мамырдан бастап көрерменге жол тартады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!