Стелс: Қазақстанда коронавирустың жаңа мутациясы 12 өңірге тараған
Қазақстанда коронавирустың мутация түрі анықталғанымен, карантин шаралары енгізілмейді. Жаңа штамм 12 өңірге тарап үлгерген. Ғалымдар вирусқа «Стелс» деген атау берді. «Дельтадан» ерекшеленетін вирустың бұл түрі жылдам таралуымен қауіпті.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
18.05.2022
Екпе салдырмағандар Стелстің кесірін тартады дейді мамандар. Ал вакцина елде жеткілікті. Тек оның кейбірінде жарамдылық мерзімі таяп қалған.
Ұшақтың радарында көрінбейтін, бірақ дәл нысананы көздей алатын жоғары жылдамдықты әскери бомбалаушы ғылыми тілде «стелс» деп аталады. Коронавирустың жаңа түріне осындай атау берген ғалымдар вирустың қаншалықты қауіпті екенін анықтап бергендей. Екі ай бұрын тек бір өңірден табылды деген денсаулық сақтау министрлігі бүгін Қазақстанның 12 аймағында штамм анықталды дейді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавируспен ауырғандар саны соңғы аптада 12 пайызға азайғанын мәлімдеген. Алайда «Стелс» әлемнің 97 еліне тарап үлгеріпті. Арменияда аурудың өршуі 217 пайызды құраса, Венгрияда —
209, Біріккен араб әмірліктерінде – 55, Жапонияда – 54%, Түркияда – 12 пайызға жуықтады. Ковидтің «Дельтадан» кейінгі бұл штамы мамандардың сөзінше жылдам таралуымен қауіпті.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Коронавирустың бұл түріне шалдыққандар ауруды дельтавирустан қарағанда жеңіл көтереді. Алайда ол тез таралуымен, қайта шалдықтыруымен қауіпті. Бүгін бұл вирустың бүкіл елге тарап жатқанын көріп отырмыз. Ауруға мониторинг күнделікті жүргізіледі. Бізге осы белгілермен келген адамдардың бәрі толық емделіп жатыр.
Мутация» «Омикронның» белгілері: жоғары температура, тоқтамастан жөтелу, иіс пен дәм сезуден айырылуы. Вирусты бір жұқтырған адамның екінші рет ауруға шалдығуы мүмкін. Әзірге қауіпті індетті емдеу протоколы өзгермеген. Бүгінде 142 науқас ем қабылдап жатыр. «Стелс» тез тарап жатқанымен, министрлік қатаң карантин шараларын енгізуге асығар емес.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Бұл штамм қандай да бір карантин шараларына әкеледі деп ойламаймыз, күтпейміз. Ел бойынша ешқандай қатаң шектеулер жоқ, бәрі алынып тасталды. Халық арасында профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Медициналық бетперде кию режімін қайта енгізуге де негіз жоқ. Эпидемиологиялық ахуалға қараймыз.
Дәрігерлер бұған дейін де, бүгін де коронавирусты тек екпе қабылдағанда ғана жеңе алатынымызды тағы қайталады. Қазақстанда тоғыз миллионнан астам адам вакцина құжатын алып үлгерген. Ал Covid-19-ға қарсы вакцина қоры жеткілікті. Дегенмен миллиардтарға сатып алынған Pfizer вакцинасының жарты миллионында жарамдылық мерзімі маусым айының соңында бітеді.
Әу баста «жасөспірімдер мен жүкті, емізулі баласы бар әйелдерді америкалық вакцинамен егеміз» деген денсаулық сақтау министрлігі вакциналауға жататын аналардың небәрі 30 пайызы ғана екпе алғанын айтты. Сөйтіп амалдың жоқтығынан, Pfizer-дің жарамдылық мерзімі бітетін болған соң, лезде шешім қабылдап, бүкіл ел азаматтарына шетелдік препаратты салуға рұқсат беріпті. Осылайша жол ортада жоспарынан жаңылған Ажар Ғиният пандемиямен күреске биыл бюджеттің 86 миллиард теңгесін жұмсамақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!