Текелідегі селде төрт үйге келген шығын — 50 миллион теңге
Сел салдарымен күрес әлі жалғасып жатыр. Текеліде лай басқан үйлердің орнын әскерилер аршып әлек. Бүгін-ертең бітпеуі де мүмікн. Ал баспанасыз қалған тұрғындар уақытша басқа жерге жайғастырылған. Жергілікті билік дүние-мүлкі бүлінгендердің ешқайсысы көмексіз қалмайды деп уәде берді. Селден кейінгі жағдайды КТК тілшісі көріп келді.
Автор: Асқарбек Қазанғап
18.05.2022
Апатта бала-шағасының аман қалғанына шүкіршілік еткен Амангелдінің үйі белуардан батпаққа батқан. Қазір отбасымен уақытша берілген екі бөлмелі пәтерде тұрып жатыр. Қапелімде қайтерін білмей, тек құжатты ғана қолтығына қыстырып үлгерген ол енді жаңа үй алудан үмітті.
Амангелді Жидебаев, Текелі қаласының тұрғыны:
- Бұйырса жақын күндерде үй боп қалады, баспана да боп қалады Алла бұйырса. Бұл аяқ асты болған жағдай ғой, апат айтып келмейді. Қиналып қалдық. Алланың сынағы шығар, бас қатты ма деп, тәуба, басымыз аман, еліміз тыныш болсын, бәрі орнына толар.
Жамбыл ауданын жеткен жүз сарбаз әлі батпақтың түбіне жетер емес. Техника тәулігіне тоқтамай 12 сағат лайды қопарып техникаға тиеп жатыр. Ал жылдар бойы жиған-тергенін қимағанда, қауіпке қарамай оралуда.
Батпақ батпандап басып қалған үйлердің қазіргі күйі: қабырғалары қақырап, іргетасы үгіліп іргетасы түскен. Осы секілді тасқын қолтаңбасын қалдырған баспаналар апатты деп танылды. Оларға жапсарлас тұрған үйлерді зерттеу жұмысы жалғасып жатыр. Қандай да бір ақау табылса, ол жақтағы тұрғындар да көшірілуі әбден мүмкін.
Ал бес жастағы кенжесінен айырылған ананың көңілі астан-кестең. Болған оқиғаны әлі бажайлап өңменінен өткізіп үлгермеді. Ендігі көз қуанышы 13 жасар қызына тегін киім-кешек алып беріп жатқан демеушілердің риясыз ниеті көңіліне демеу.
Гүлнәр Тілеухан, марқұм қыздың анасы:
- Түсінген жоқ, кей жерін түсініп, кей жерін түсінбей … .Сұрап қояды сол, пейішке кетті, Алланың қасына кетті деп нетіп жүрміз, түсіндіріп отырмыз, шамамыз келгенше. Кеше сол кішкене мәйітін көрсетіп, көңілі суыды баланың. Келетін сияқты болып тұр, сіңлім ертең келетін сияқты болып тұр деп жүр. Кеткеніне әлі сенбейді, мен де ештеңе ұқпадым.
Әзірге апаттың себеп-салдарын айтуға ешкім асықпайды. Арнайы комиссия құрылған. Кейбірі су құбыры жарылған деп топшылайды. Бірақ комиссия қорытындысы шықпайынша, бір нәрсені кесіп айту қиын.
Батыр Молдахметов, Текелі қаласының әкімі:
- Кеше осы аумақта зерттеу жұмысын жүргізетін ұйым келді. Бір аптаның көлемінде қорытынды шығарады. Соған байланысты заң аясында тиісті шешім қабылдаймыз. Қазір бір нәрсені кесіп айту қиын. Сел қатері бар алты аймақ бар. Олардың бәрі жіті тексеріледі. Өтемақыға келер болсақ, 600 мың теңгеден бөлінеді. Алдын ала есеп бойынша, төрт үйге келген шығын көлемі 50 миллион теңге. Тазарту жұмысы аяқталған соң қоршау қоямыз.
Осыдан екі күн бұрын Текеліде сел жүріп, төрт үйді басып қалған еді. Бір бүлдіршін бақилық болды. Жергілікті әкімдік олардың бәріне баспана беріледі деп сендіріп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!