{metadescription}
Солтүстікте киіктің кесірінен егін бітік шықпайтын спекілді
Солтүстікте киіктің кесірінен егін бітік шықпайтын спекілді

Солтүстікте киіктің кесірінен егін бітік шықпайтын спекілді

Солтүстікте биыл киіктің кесірінен егін бітік шықпайтын түрі бар. Дала жануарларының жыл сайын көбейіп жатқаны жақсы болғанымен, соңғы уақытта тек егістік алқаптарын жайылым қылады екен. Ал шаруалар не істерін білмейді. Атуға болмайды, күнде қууға күш керек. “Салығын біз төлейміз, қызығын киік көреді” деген диқандардың базынасын КТК тілшісі тыңдап келді.

Ақмолалық шаруалар киік басының көбейгеніне соңғы кезде қуанбайтын болған. Өйткені жыл сайын саны өскен дала жануарлары егістікке түсіп әлек қылады. Дәл қазір Атбасардың оңтүстігіне дән сепкен адамдарға маза жоқ. Көктем шықса күндіз-түні киік қуумен жүреді.

Диқандар киікті емес, киіктен қорғануға мәжбүр. Өйткені дала тағысы егіншілерге егін егуге мүмкіндік берер емес. Дала жануары жаңа шығып келе жатқан көкті жеп, таптап, қара жерді жарамсыз етеді екен. Сондықтан олар арнайы адамдар мен мынадай үлкен техникаларды күзетке жалдауға мәжбүр. 

Техниканы түнде де сөндірмей гүрілдетіп киікті үркітіп жүреді. Әйтпесе бір түнде мыңдаған гектар жерді таптап тастайтын көрінеді. Топырақты биіктеу етіп үйген қоршаулардан да қайыр шамалы.   

Сергей Бобко, диқан:

- Киікті қуамыз деп егінге алған көлікті сындырамыз, онымен дән сепкен жерді таптаймыз. Қатты қууға да болмайды. Киіктен екі шақырым жер жүру керек. Егер жақындасақ, көлемді айыппұл салады. Менің аумағымда 20 мыңдай бас жүр. Ал басқаларда тіпті көп, 50 мыңдай. 

Төлеу Бигалинов, диқан:

Былтыр киікті қууға 12 көлік жалдадым. Ол да құтқармады. Егіннің үш мың гектары жарамсыз болып қалды. Комисссия келді, көрді. Тапталған жерге комбайн түсірмедік, бір түйір де алғанымыз жоқ. Босқа шығындалдық. Дән алдық, техникамен жырттық, адам жалдадық, ектік.

«Қызыл кітапқа» енген киік жан-жақты қорғалған. 2023 жылға дейін ақбөкендерді аулауға мораторий бар. Диқандар да атып, азайтуды қолдамайды. Тек далаға қарай ығыстырып жіберсе дейді. 

Роза Тасмағанбетова, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Атбасар ауданы филиалының төрағасы:

- Экология және ауыл шаруашылық министрліктерінің арасында байланыс жоқ. Қаншама хат, арыз, өтініш жаздық, бірбіріне сілтейді. Бұл мәселені бірлесіп шешу керек. Білсем, қазір қорықшыларда қанша киік бар. Олар қалай көбейіп жатыр деген мәлімет те  жоқ. Өскені жақсы, бірақ диқандар мен өндірушілердің көз жасына қалып емес қой.

Биыл елдегі киіктердің саны миллионға жетеді деген жоспар бар. Ал дала жануарының жайылатын, төлдейтін жерін өзгерту мүмкін емес. Егіндікке кіріп кеткен киік емес, сол жерді қолданысқа берген жергілікті билік кінәлі дейді жауапты министрлік өкілі. 

Қуат Чумакаев, ҚР Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің сарапшысы:

- Қазір біз Ақмола облысымен қосқанда, киік мекендейтін бес облыс үшін арнайы шешім шығардық. Біріншіден, осы аймақтағы әкімдіктер бізге киік таптаған жердің көлемін айтуы тиіс. Одан кейін қанша шығынға ұшырағанынын есептеу керек. Үшінші, енді облыс әкімдері шаруаларға жерді игеруге бергенде, ол киіктердің жайылымы емес пе соны бақылау керек.

Киіктің жайылымын егістікке айналдырғандар алдағы уақытта өтемақысыз да қалуы мүмкін. Сондықтан, жерді дала жануарлары жүретін аумақтан аулағырақ жыртқан жөн дейді мамандар. Ал қызығын киік, шыжығын диқандар көрген биыл да тапталып өнімсіз қалғалы тұр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде