Алматыдағы Hilton-ның қызметкерлері жұмыссыз қалуы мүмкін
Алматыдағы бес жұлдызды Hilton қонақ үйінің 150-ге жуық қызметкері жұмыссыз қалуы мүмкін. Өйткені мейманхананың тағдыры қазір қыл үстінде тұр. Пандемияда жұмысы тұралап, банкке берешек болған қонақ үй өткен жылы өзге компанияға сатылып кеткен болатын.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
18.05.2022
Алайда бұл шешіммен келіспеген кәсіпкер апелляциялық сотта жеңіліс тапты. Франшиза иесінің ендігі бар үміті Жоғарғы сотта.
Шолпан Каранеева, қонақ үй иесі:
- Бұл жерде америкалық франшиза бар. Ол менің атымда. Жоғарғы сот шешімді біздің тарапқа шешпесе мен жабуға мәжбүр боламын. Франшизаны анулировать етемін. Сол кезде бұл қонақ үй жабылады. 150 адам жұмыссыз қалады. Өйткені франшизасыз бұл қонақ үй жұмыс істей алмайды. Жарты жыл болды. Ана жаққа, мына жаққа жүгірдім. Бірақ мені тыңдап жатқан ешкім жоқ. Сондықтан мен президентке үндеу жасады.
Hilton әлемге әйгілі қонақ үйлер желісі Алматыда үш жыл бұрын ашылған болатын. Мейманхананың құрылысын уақытылы аяқтау үшін кәсіпкер жылжымайтын мүлікті кепілге қойып, «Капитал» банктен 4 млрд 200 миллион теңге несие алған. Алайда пандемиядағы шектеу шараларының кесірінен қонақ үйдің жұмысы тұралаған. Қонақ үй иесі бес ай бойы банктегі берешегін төлей алмай тығырыққа тіреледі. Локдаун кезінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі шағын және орта бизнес өкілдерін қолдау мақсатында олардың банк алдындағы қарызын өтеу мерзімін кейінге шегеру туралы шешім қабылдаған болатын. Алайда банк сол уақытта арнайы қаулыға қарамастан, қонақ үйдің несиесін коллекторларға беріп жіберген көрінеді. Олар өз кезегінде қаланың қақ ортасында орналасқан қонақ үйді екі есе арзанға бағалап, өзге компанияға сатып жіберіпті. Әзірге тараптар арасындағы дауға нүкте қойылған жоқ. Сондықтан қонақ үй бұрыңғыдай жұмыс істеп тұр.
Бекзат Омарова, қонақ үй қызметкері:
- Менің үш балам бар. Жолдасым бар. Адал еңбекпен нан тауып, жұмыс істеп отырған жеріміз. Айлықты да уақтылы төлейді. Барлық жағдай жасалған. Сондықтан жабылмауын тілеймін. Осы жерде жұмыс істейтін жұмысшылардың барлығы соны қалайды. Қаншама адам жұмыссыз қалады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!