Алматыдағы республикалық спорт колледжінде дау жалғасуда
Алматыдағы республикалық спорт колледжінде дау жалғасуда. Енді ата-аналар емес, білім ордасының бапкерлері мен мұғалімдері наразылықтарын білдірді. Олар колледж орнына басқа мекеме ашылса жұмысымыздан айырылып қаламыз деп шарқ ұрып жүр.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
18.05.2022
Нұрлыгүл Үмбетқалиева, Республикалық спорт колледжінің ағылшын тілі пәні мұғалімі:
- Мен өзім 20 жылдан астам ағылшын пәнінен сабақ беремін. Ол жерде де сол ағылшын пәні сабағынан мұғалімдері жеткілікті. Орындары толып тұр. Сондықтан мен далада қалайын деп отырмын. Мен өзім дәл қазіргі күнде не әдіскер есебінде, не ағылшын тілі пәні мұғалімі есебінде жұмыссыз қалып отырмын. Бұл тек қана менің ғана емес, мен өзім арқылы барлық мұғалімдердің көкейіндегі ойын айтып отырмын. Барлығы да солай жұмыссыз қалмақшы.
50 жылдық тарихы бұл колледж академиялық жаттығу орталығы болып қайта құрылатыны бір ай бұрын мәлім болған. Ал басшылық оқу орнының оқушылары мен ұстаздарын 2 спорт мектебіне ауысатынын айтқан. Алайда, бүгін дәл колледжің алдына жиналып, шу шығарған 30 дан астам бапкер мен мұғалім бұл шешімге түбегейлі қарсы. Өйткені, олар өзге білім ордасында сағатымыз қысқарып, сәйкесінше жалақы да азаяды деп алаңдаулы. Ал, қолына құжаттарын ұстап, жағдайды түсіндіруге тырысқан оқу орнының басшылығы жұртты сабырға шақырып отыр. Яғни колледж қызметкерлері еңбек кодексі бойынша жұмыстарын өзге мекемеде алаңсыз жалғастыра бермек.
Олжас Меңғали, Республикалық спорт колледжінің әдіскері:
- Олардың барлығы тиісті республикалық мектептердің бәріне орналастырылады. Ешкім, бірдебір бала далада қалмайды деген ақпарат бар бізде. Егер де өздерінің ұсыныстары бар, жоқ біз келіспейміз деп айтса, емін-еркін мына хаттамаға кіргізсе болады. Қарсылығын қағаз бетіне түсірсін. Түсіргеннен кейін бізге жеткізсін. Біз қалғанның бәрін қарастырамыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!