Автонесие аламын деушілерді қандай шығын күтіп тұр?
Жылдық 4 пайыз үстемемен көлік міну бақыты екінің біріне бұйырмауы мүмкін. Алғашқы жарна жоқ делінгенімен, бағдарламаға ілігу үшін қалтаңызда қомақты қаражат болуға тиіс екен.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
19.05.2022
Өйткені автонесиені рәсімдейтін екінші деңгейлі банктер машинаңызды бірден 7 жылға сақтандыру керексіз деп клиенттерден ақша талап етуде. Оның құны жарты миллион теңгеге жетуі мүмкін. Алайда заңгерлер ерікті сақтандыруды міндеттеу – заңға қайшы деп отыр. Жеңілдетілген бағдарлама бойынша көлік аламын деушілерді тағы қандай шығын күтіп тұр?
Алғашқы жарнасыз автонесие беріледі дегенді естіген Ерлан мүмкіндікті мүлт жіберемеуге асығыпты. Алайда жігіт ағасынің көлік аламын деген жоспары банкке келгенде күл-талқан болған. Өйткені қаржы ұйымы көліктің сақтандыру шығынын бірден жеті жылға төлеу керексіз деген талап қойыпты.
Ерлан Құсайынова, Алматы қаласының тұрғыны:
- Бізге міндетті деді ғой. 7 жылға бірден төлейсіз деді. 480 мыңдай есептеді. Менің сақтандыру полисіме қаражатым жетпейді. Бұлар алмасаң, машина жоқ дейді. Көлікті ала алмайсыз дейді. Ақшасы бар адамдар болса, несиеге алмайды ғой. Сақтандыру полисін әр адам өзі шешкен дұрыс қой.
Автосалондардарға ағылып кезекке тұрып жатқан адамдардың қарасы көп. Барлығы жеңілдетілген бағдарлама арқылы темір тұлпар тізгіндеуге дәмелі. Менеджерлер клиенттерге көліктің қосымша жабдығын екі есе қымбат бағаға сатып алуға міндеттеп жатыр деген шағымдар жиілеген. Дегенмен дилер орталықтың өкілдері мұндай келеңсіздікке жол берілмейді деп ақталды.
Айдар Өтешев, дилер орталықтың PR маманы:
- Қазір қосымша жабдыққа байланысты дау туындап жатыр. Allur дилер орталығы наурыз айынан бастап көлік жабдығын алуға міндеттеуге тыйым салды. Машиналар зауыттан бос келеді. Ішін толтырғыңыз келсе, өз еркіммен сатып аламын деп хат жүзінде рұқсат алу керек.
Автосалондардың кіреберісінде заңбұзушылыққа тоқтау салу мақсатында арнайы телефон нөмірлері көрсетілген. Тұтынушылардың құқығы бұзылып жатса, 7007 – клиенттерді қолдау орталығына шағымдана алады.
Заңгер Ғабит Өмірбек автосалондар мен екінші деңгейлі банктердің шарт қоюы жеңілдетілген автонесиеге деген сенімді азайтып, көпшіліктің көңілін күпті қылды деген пікірде. Мәселен, банктер міндеттеп жатқан автосақтандыруды әр адам өз еркімен таңдауға тиіс. Сондықтан қаржы ұйымдарының бұл әрекеті заңға қайшы дейді мамандар.
Ғабит Өмірбек, заңгер:
- Ұлттық банк өзге банктерге несие рәсімдеп жатқан азаматтар міндетті түрде КАСКО сақтандырудан өтсін деген талап қоймайды. Ол бұйрық банктердің өздерінің ішкі бұйрықтары. ҚР Конституциясына сай, әр азамат сақтандырмаяақ несие алуға құқылы. Бас тартқан үшін несие бермей қойған сол банктің ішкі бұйрығының қателігі. Сондықтан Ұлттық банк түпкілікті тексеріс жүргзіп, КАСКО сақтандыруды доғаруға хат немесе бұйрық түсіру керек.
Ал «Өндірісті дамыту қорының» өкілдерінің қаржы ұйымдарына шарт қоюға шамасы жетпейтін сыңайлы. Себебі, аталмыш бағдарламаның операторы болған компания банктерге ұсыныс жолдаудан ары аса алмай отыр.
Жанар Ибрашева, «Өндірісті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- Біз банктерге шарттар жолдадық. Жыл сайын сақтандыруды қосу үшін. Бұл негізі керек шара. Тұтынушылардың несиелік тәуекелдерін азайтуға бағытталған шара. Көлік оқиғаларының, табиғи апаттарының, жасанды құбылыстардан болған жағдайда жаңағы шара жабуға көмектесетін шара.
Қазір Ерлан сынды азаматтар сақтандыру полисіне ақша таба алмай, бағадрламаға қатысудан бас тартуда. Сондықтан алғашқы жарнасыз деп жарнамасы жер жарған автонесие арқылы көлік алу айлығы шайлығына жетпейтін талай адамның арманы болып қалатын түрі бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!