Мемлекеттік ArtSport бағдарламасы қаражатсыз қалған
Балаларға тегін өнер үйретіп талантын шыңдайтын мемлекеттік ArtSport бағдарламасы жабылудың алдында тұр. Ата-аналар мәселе шешілмесе, президенттен араша сұраймыз деп бекініп отыр. Басқа амалы қалмаған.
Автор: Әзиза Төленби
19.05.2022
Шырылдап жүргеннің көбі көпбалалы аналар. Өйткені барлығы бірдей баласын ақылы үйірмеге бере алмайды. Осылайша күзден бері тегін үйірмеге қатысып бойындағы дарыны енді ашыла бастаған балалар орта жолда қалмақ. «АртСпортқа» келгенде жергілікті билік те дәрменсіз. Тек жергілікті мәслихат қолдаса, бағдарламаны жалғастыруға қосымша қаражат бөлінуі мүмкін.
14 жасқа дейін балаларға тегін үйірмеге қатысуға мүмкіндік беретін Артспорт бағдарламасы жабылуға шақ тұр. Оған көбіне көпбалалы отбасылардың балалары барады. Оның үстіне бала бірден екі үйірмеге қатыса алады. Бірақ қаржы түгелісіп, тегін үйірме көзден балбұл ұшқалы тұр.
Лаура Мұқаева, өнер орталығының жетекшісі:
- Мемлекет бізді алдаса, кімге сену керекпіз? Біз осы күнге дейін барлық жерге есік қағып бардық. Енді тек Президенттің алдына бару қалды. Бізді ешкім естімейді. Тек бар үмітіміз – Президентте.
Бақтыгүл Жолдыбаева, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Мен айтуға ұялып тұрмын. Не бетіммен айтамын? Өзім қуанғанмын. «Арт Спорт» керемет жақсы, үйірмелері жақсы, ұстаздары қандай деп айтатынмын. Енді бет жоқ, балаларға айтатын. Өкінішті.
Былтыр күзде басталған мемлекеттік бағдарламаны кәсіпкерлер өзінше ұйымдастыруға мүмкіндік алған. Қаражат біткен соң олар қарызданып-қауғаланып, үйірме жұмысын тоқтатпаған екен. Бұған дейін жалғастырамыз деп келген басқарма кеше кешке уәдесінен тайған. Шешімді ортақ чатқа жазып жіберген. Орта жолда тастап кеткен жергілікті билікке үйірме басшыларының ашуы қара қазандай.
«ArtSport бағдарламасы жабылады» дегеннен бері кәсіпкерлердің баспаған тауы, қақпаған есігі қалмаған. Құрғақ уәдеге қарқ болғандар енді ешкімге сенгісі жоқ. Әкімдік те нақтысын айта алмай, зығырын шығарған сияқты.
Алмас Абаев, Нұр-Сұлтан қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:
- Қазір жыл басында бөлінген ақша бітті. Біз онсыз да сіздерге қарызбыз. Наурыз, сәуір, мамыр айларына 1 миллиард 400 мың берешекпіз. Қосымша ақша сұрап өтініш жазып қойдық. Енді мәлихат кеңесінің өткенін күтіп отырмыз. Ақша берсе, қаржыландыруды жалғастырамыз.
Түсінгеніміз, бар үміт – мәслихат депутаттарында. Олар жобаны қолдаса, қарызды қайтарып, жыл соңына дейін жететін 8,4 миллиард теңге бөлінеді екен. Жаздық үйірмелер де ұйымдастырылмақ. Тек ақша болса болды. Бұны ата-аналардың шуынан қашқан басқарма басшысын қуып жүріп сұрап алдық.
Самат Жылқыбаев, Нұр-Сұлтан қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы:
- Біз уақытша тоқтаттық деп айттық. Өйткені бізде қазір ақша жоқ, сіздер түсініңіздер. Адамдар кредитке, қарызға спортзал жалдап жатыр. Бапкерлерге ақша төлеп жатыр. Соңғы екі ай бойы бәрі маған келеді. Әне, қарызы бар, төрт жүз мың. Жоқ ақшаға мен не ойнатамын? Мен адамдарға ақшасын төлеуім керек. Қазір ақша жоқ қой.
Енді үйірме меңгерушілерінің әр тиын балалардың игілігіне жұмсалса деген қалауы бар. Әйтпесе өнер-білім үйреніп, спортқа қатысам деген елордалық 54 мың бала әлі өз кезегін күтіп тұр. Оның үстіне кәсіпкерлердің мойнында ғимаратты жалдау ақысы, ұстаздар айлығы, еден жуушыларға дейін төлейтін жалақысы тағы бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!