Ақтөбеде жаңбырдан үйлерді су басып, жарықсыз қалған
Ақтөбеде толассыз жауған жаңбыр тұрғындардың берекесін алды. Жол бойына жиналған судан бөлек, көпқабатты үй тұрғындары бірнеше күннен бері жарықсыз отыр. Бір аптаға созылған ақ жауыннан ескі үйлердің төбесі тесіліп, бірнеше баспананы су басқан.
Автор: Жаңалық Ахаш
20.05.2022
Ақтөбе шетіндегі алты қабатты үйдің түнекте отырғанына бес күн болды. Оған қоса тұрмыстық техникалары күйіп кеткен. Тесілген төбеден сорғалаған су екінші қабатқа дейін ағып, пәтерлердің бәрі көлкіп тұр. Қабырғасы сыз тартып, электр жарығын қосу қауіпке айналған.
Тұрғын үй кооперативіндегілер күн ашылып, үй іші құрғамайынша, жарық бермейміз деп шешкен. «Біреуді тоқ соқса, біз жауап береміз» - деп қорқады. Толассыз жауған жаңбырмен қоса, бұл аймаққа бармақтай бұршақ төпелеп кеткен. Синоптиктер ылғалды ауа райы әлі бір аптаға созылады деп болжап отыр. Ал баспанасы суға батқан тұрғындар жергілікті биліктен қайыр жоқ деп ренжіді.
Азамат Мақсатұлы, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Есептеуіштердің ішіне су өтіп, тұрмыстық техникалар жанып кетті. Қала әкімдігіне, коммуналдық шаруашылығына шағым жаздық. Бірақ олар әркім өзінің күшімен проблемасын өздері шешу керек деп, бізді сылтаулап жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!