{metadescription}
Елордада тұтас бір көшенің тұрғындары бағананың кесірінен өліп жатыр
Елордада тұтас бір көшенің тұрғындары бағананың кесірінен өліп жатыр

Елордада тұтас бір көшенің тұрғындары бағананың кесірінен өліп жатыр

Төбеден өткен тоқ ауру қылып бітірді. Елордада тұтас бір көшенің тұрғындары 24 жылдан бері жоғары кернеулі бағаналармен алысып келеді. Айтуларынша, соның салдарынан әр үйде онкологиялық сырқатқа шалдыққан адам өмір сүріп жатыр. Дерт меңдеген біраз азамат о дүниелік болып кетіпті.

Бұлай жалғаса берсе, қынадай қырылып қаламыз ба деп қорқады.

Дәл осы жоғары кернеулі бағаналарды орнатқаннан кейін бұрынғы Күлтегін, қазіргі Бишіқайың көшесінің тұрғындарының басынан бұлт арылмай қойыпты. Айтуларынша қазір шамамен әр үйде онкологиялық дертпен ауыратын бір жан бар.

Сонау 1998 жылы бұл бағаналарды тұрғындардың қақ төбесінен жүргізгенде шенеуніктер «уақытша, кейін сіздерді басқа жерге көшіреміз» деп ант-су ішіпті. Азаматтардың сол уәдені күтіп  жүргеніне 24 жыл болған.

Гүлжан Байнүкеева бағаналарды орнатардан бір жыл бұрын осы үйіне көшіп келіпті. “Түгел көше болып кернеудің зардабын тартып отырмыз”, - дейді ол. Онкологиялық аурудан жеңіліп бақиға аттанып жатқандары да қаншама. Өзі де бір ұлын жер қойнына берген.

Гүлжан Байнүкеева, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Адамның өміріне зиян. Бізде көшемізде ауырмайтын адам жоқ. Жүз адам болса, соның жетпіс бес проценті ауырады. Осы біздің көшемізде тұратын жетпіс бес проценті ауырады. Менің өзім онкологиямен ауырамын. Қызым да ауырады, күйеуімде давление. Бір үйде төрт адам тұрсақ соның үшеуміз учетта тұрамыз.

Сырқатқа қарсы күресер иммунитеттің әлсіздігінен ауру біткеннің барлығы осы көшенің тұрғындарына жабысатындай. Қысқа толқынды пештің ішінде өмір сүріп жатқандаймыз деп ашынған азаматтар бүгін энергетика министрі Болат Ақшолақовтың елордалықтармен кездесуіне де келді. Олар өз көшелерінде санитарлық норма талаптары бұзылғанын растаған денсаулық сақтау министрлігінің қаулысы болса да, неге әлі күнге сең қозғалмай жатқанын түсінбей дал.

Гүлден Әділбекқызы, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Менің он жасар баламның бетінде ісік пайда болды. Біз онколог дәрігердің есебінде тұрмыз. Оған ота жасау керек. Біздің көшеде ересектерді былай қойғанда тіпті сау бала қалмай бара жатыр. Бұл не сұмдық?!

Азаматтардың қақпаған есігі қалмаған. Осы мәселеге жауапты Ақмола электржелілік үлестіру компаниясының өкілдеріне арызын айта барғанда, мысқылмен жауып беріп, миығынан күліп шығарып салыпты. Бүгінгі жиынға да қатысқан олар басында ешқандай ереже бұзылмаған деп міз бақпады.

Руслан Өтебаев, «Ақмола электржелілік үлестіру компаниясы» АҚ бас инженері:

- Санитарлық нормасы мен ережелері сақталған. Тіпті болмашы 20 метріне дейін.

Артынша құр дауласа бергенше, бізді сотқа беріңдер деп қойып қалды.

Руслан Өтебаев, «Ақмола электржелілік үлестіру компаниясы» АҚ бас инженері:

- Мәселенің ең мәдениетті шешімі сотқа жүгіну. Бұндай бос әңгімеден еш нәтиже шықпайды. Менің басқа айтарым жоқ.

Кейін дау-дамайды үнсіз қағазына түрте отырып тыңдаған  Болат Ақшолақов сөз алды. «Негізі бұндай кем-кетіктерді түзеген едік, сіздер назардан қалай тыс қалғансыздар», - деді энергетика министрі.

Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі:

- Бұл бұрын өте үлкен мәселе еді. Осындай тым төмен, ашық орналасқан электр желілері көп болды. Кейін олардың барлығы жер асты кабеліне алмастырылды. Сіздердікі секілді тұйық көшелер назардан тыс қалып қойған болуы керек. Көрейік, жағдайды бағамдайық, бізге уақыт беріңіздер.

Энергетика министрі бастапқыда “орынбасарларымды жіберемін, олар жағдаймен танысады” деген. Бірақ, артынша, тоқтың зардабын тартқан тұрғындардың жай-күйін өз көзімен көруге уәде берді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде