Шымкентте перзентхана маңындағы жарылысты кім жасады
Шымкентте перзентхана маңындағы жойқын жарылыс қолдан ұйымдастырылуы мүмкін. Күл-талқаны шыққан дәріхана басшылары осылай дейді. Себебі: оқыс оқиға болардан бұрын зертханаға бәз-біреулер кіріп, дабыл қағылған.
Автор: Бек Әбиев
23.05.2022
Ал перзентхана ғимараты қираған сәтте алты әйелдің толғағы келген. Оның біреуін дәрігерлер гаражда босандырып алыпты. Қазір апаттан жарақат алған жеті адам ауруханада жатыр. Ал қаза тапқандар саны төрт адамға жетті. Оның екеуі жаңа туған нәресте. Үш апта бұрын үшемді дүниеге әкелген жас ана бір сәтте қос сәбиінен айырылып қалды.
Жойқын жарылыстан күл-талқаны шыққан перинаталды орталық қазір жабық. Әзірге қызметкерлер перзентхана ішіндегі құрал-жабдықтарды қауіпсіз жерге көшірумен әлек. Ал осында жатқан 198 әйел өзге перзентханаларға ауыстырылған.
Рахима Нәлібаева, Түркістан облысы перинаталды орталықтың бас дәрігері:
- Жарылыс болған кезде босану бөлмесінде 6 әйел толғақпен жатқан. Жарылыс болғанда алты әйел эвакуацияланды. Бір әйелді гараждың ішінде босандыруға мәжбүр болдық. Гараждың ішінде, аман есен, бәрі жақсы болды. Бес әйелді машинамен, өз қызметкерлеріміздің көлігімен, жолда кетіп бара жатқан адамдардың көлігімен жақын арадағы басқа перзентханаларға жеткіздік.
Сенбі күнгі жарылыстан төрт адам көз жұмды. Біреуі үш ай бұрын ғана шаңырақ көтерген перзентхана күзетшісі болса, тағы екіншісі аумақта құрылыс жүргізіп жатқан жұмысшы. Тағы екеуі өмірге келгеніне 18 күн болған үшемдердің сыңары. Аман қалған үшінші шақалақ қазір жасанды тыныс алу аппаратында жатыр. Ал жарақат алып ауруханада жатқан 7 адамның екеуі жансақтау бөлімінде. Зардап шеккендердің барлығы перзентхана қызметкерлері.
Клара Идоятова, жәбірленуші:
- Далада жүрген едік. Бір жарылыс болды да, ыстық жел келіп арықтың ішіне түсіріп жіберді. Бүйтіпбүйтіп, мен жатып қалдым да, кейін қыш-кірпіштер үстімізге кеп түсті. Кейін арықтың ішінен шығып бөлімшеге келіп әйелдерді шығарып, сыртқа шығып кеттік.
Ал жарылыс жапсарлас тұрған дәріханада болған. Бұл ғимаратта зертханада орналасқан. Мұнда ауруханаларға қажет дәрі-дәрмектер жасалынады. Іші химикаттарға толы нысанның өкілдері жарылысқа бәз-біреулердің қатысы болуы мүмкін дейді. Себебі, сенбі күні жарылысқа дейін жабық тұрған ғимаратқа белгісіз біреулер кірген деп отыр.
Нұржан Пакеев, «Фарм Синтез» ЖШС заңгері:
- Терезенің сынғаны және ішінде біреу жүргені туралы құрылғылар дабыл қақты. Артынша, 15 минуттан кейін жарылыс болды. Біреулер кіруі мүмкін деп ойлаймыз. Тергеушілерге жазып бердік, бұл туралы. Бірақ бұл тексеріліп бітем дегенше, қарап отырмай, жанымыздағы перзентхана мен бүлінген үйлерге көмек көрсететін боламыз.
Зертхана маңындағы үйлер де бүлінген. Жарылыстың күшті болғаны соншалық, ауыр бетон көпқабатты үйдің екінші қабатын тесіп өткен. Пәтерлерде сызат пайда болған. Бесінші қабаттағы бір пәтердің балконы түгел қирап қалды. Есі еткен тұрғындар кімге арызданарын білмейді.
Вадим Чувайлов, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Әзірге үйімізді бүтіндеуге кепілдікті ешкім беріп жатқан жоқ. «Тексереміз», «көмектесеміз» дегенмен кепіл жоқ. Нақты пәтерлерімізді сапалы бүтіндеп, қираған жерлерді жақсылап жөндеп берсін дейміз. Енді тұруға да қорқамыз, сатсақ та, ешкім алмайды мұндай баспананы.
Тұрғындардың айтуынша, үйлердің іші түгілі алыста тұрған көпқабатты баспаналардың сыртына да үлкен сызат түскен. Әзірге жарылыстан келген коммуналдық мәселелерді шешу маңыздырақ болып тұр.
Жарылыстан кейін іргеде тұрған бес көпқабатты үй газбен жарықтан ажыратылған. Электрді бірден берсе, 300-ге жуық отбасы әлі газсыз отыр. Сондай-ақ күшті жарылыстан шатыры кеткен көпқабатты үйдің жабыны толық жаңартылып жатыр.
Қазір дәріхана ішіндегі зертханадағы жарылыс бойынша арнайы комиссия құрылып сараптамалар тағайындалды. Құзырлы орындар тексеріп жатыр. Ал әзірге жабылған перзентхананың 500-ге жуық қызметкері жан-жақтағы ауруханаларда жұмыс істей тұруы қажет. 60-қа жуығы бүгін еңбек демалысына шығуға мәжбүр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!