Алматы - Өскемен тасжолының қақ жарылуына не себеп?
Алматы - Өскемен тасжолының қақ жарылуына құрылыс кезінде техникалық талаптардың сақталмауы себеп. Жолдың астымен су өткізу үшін салынған құбырдың диаметрі белгіленген өлшемнен тар болған.
Автор: Салтанат Шырынхан
23.05.2022
Осылай деген «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы жауапкершілікті "Қаздорпроект" мекемесі мен бірнеше мердігер компанияларға артып отыр. Оқыс жағдайға қатысты қызметтік тексеріс басталды.
Ләззәт Стамғазиева, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының баспасөз хатшысы:
- Орын алған жайттың себебі: құбырдың кең арнасына кішігірім диаметрлі құбыр орнатылған. Барлығы сол жобаға байланысты. 2017 жылы осы жобаны қабылдаған және оның құрылысына жалпы атсалысқан. Жобасын жасаған адамдар бар. Бірқатар мердігер ұйым деп те айтамыз. Қызметтік тергеуде мәнжайы анықталып, осы мәселені қарастыратын боламыз.
Көлденеңінен ойылып қалған жолға көліктер құламапты. Алматы - Өскемен тасжолының 395 шақырымы 2017 жылы салынған. Пайдалануға берілгеніне бес жыл да болмаған трассаның қасындағы ескі жолдың да ми батпағы шығып жатыр. Қазір бұл автожол қайта қалпына келтіру жұмыстарына байланысты жабық. Онда 16 арнайы техника мен 25-ке жуық жұмысшы жұмылдырылған.
Алыс сапарға аттанғандар айналма жолдар арқылы жүріп өтуге мәжбүр. Толассыз жауған жаңбырдан Алматы облысы Кербұлақ өңіріндегі екі елдімекенде де сел жүрді. Нөсер жауыннан Байғазы өзенінде су деңгейі арнасынан асып, Қоғалы ауылындағы үш көше мен үйлердің ауласы лай суға толды. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қазір жағдай тұрақталған. Зардап шеккендер жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!