Алматы облысында болған жол апаты Еңбекші тұрғындарын өре түрегелтті
Алматы облысында жүйткіген көлік жаяу жүргіншіні 54 метрге қағып ұшырып жіберген. Қатты соққыдан 65 жастағы зейнеткер бірден жан тапсырған.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
23.05.2022
Қайғылы оқиғадан кейін Құлжа тас жолының бойында орналасқан Еңбекші ауылының тұрғындары өре түрегеліп, наразылық білдірді. Белгіленген жерден осы жылдың ішінде төрт адам жол апатында қайтыс болды деген олар, шенділерден жол үсті өткелін салып беруді талап етіп отыр.
Айдың күннің аманында адам өмірін жалмаған жол апаты осыдан бір апта бұрын Құлжа тас жолында болған. Оқиға орнына алып ұшып жетіп келген Алмаз Қоқымбаев марқұмның соққыдан сынбаған сүйегі қалмағанын айтады. 65 жастағы зейнеткер ана жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан кезде Lexus көлігі қағып, 54 метрге ұшырып жіберді дейді.
Алмаз Қоқымбаев, Еңбекші ауылының тұрғыны:
- Мен келдім. Анықтаушылардың сызуы бойынша, 54 метр жерде мәйіт жатыр. Беті жабық. Досым қасында жылап жатыр. Мәйітханадан шығарып берді. 12 жерден сынған. Аяққолы шашылып кеткен. Бәрін бір-біріне тігіп берді. Прокуратурада айтты, жаяу жүргіншіден 17 метрден кейін қақты деп. Енді бала әлі бостандықта жүр. Әділ болғанын қалаймыз. Қаққан адам өзінің әділ жазасын алса дейміз.
Полицейлер жол апатына қатысты сараптама тағайындап, сотқа дейінгі тергеуді бастаған. Ал марқұмның дәл белгіленген жерден өткені дәлелденді деп отыр. Қайғылы оқиғадан кейін осы қауіпті жүргіншілер жолағынан күнде өтетін бүтін бір Еңбекші ауылының тұрғындары өре түрегелді. Олар бірнеше жылдан бері осы жолақтан жанын шүберекке түйіп жүретін болған. Өйткені небәрі төрт айдың ішінде төрт адамды құйындай жүйткіген көлік қағып, барлығы да жан тыпсырыпты. Енді олар атқамінерлерден жол үсті өткелін салып беруді талап етуде.
Жұлдыз Керімбаева, Еңбекші ауылының тұрғыны:
- Біз төрт баланы күнделікті қалаға тасимыз. Сол кезде бізге өте қиын. Көліктер тоқтамайды. Шыны керек, әйтеуір өзім өлсем өлейін, балам өлмесін деп, баламызды мына жақ шетімізге ұстап, телефонның жарығымен тоқташы деп әрең өтеміз. Мына жолдан өту өте қиын. Сондықтан біздің талабымыз: жолға жолүсті өткелін, Сергек камера, бағдаршам қойып берсін.
Жергілікті шенеуніктер қауіпті жерді ретке келтіруге асығар емес. Жаяу жүргінші «жолын жарықтандырып бердік» деген олар, келесі жылы ғана тек бағдаршам орнатпақ. Оған тіпті бюджеттен 18 миллион теңге сұралыпты.
Асхат Досжанов, Талғар ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:
- Халыққа уәде беріп кеттік. 2022 жылы бағдаршам орнатуға жобасмета жасаймыз деп. Соны істеп жатырмыз. Бүгінде ол бітті. Енді қазір сараптамаға кіргіздік. Сараптамадан кейін бюджетке өтініш береміз. Қаражаттың бөлінгеніне байланысты бағдаршам орнатып береміз.
Ал, жол үсті өткелін салуды «ҚазАвтоЖол» компаниясы қарастырып жатырмыз деп сендірді. Бірақ жаяу жүргіншілер жолағынан өтуге әбден үркіп қалған бұқара бұл түйткіл шешілмесе, республикалық жолды жабуға бекініп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!