Мемлекет үш мың отбасының пәтер жалдау ақысын төлеп береді
Мемлекет үш мың отбасының пәтер жалдау ақысын төлеп береді. Ел қазынасынан бөлінетін қаржылай көмек жалға берілетін баспананы субсидиялау бағдарламасы аясында жүзеге асырылады.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
24.05.2022
Ал бағдарламаға қатысуға өтініш білдіргендер саны бес есе көп -14 мыңдай. Тіпті «толық емес отбасы» санатындағы азаматтар да өтініш берген. Алайда олар бағдарламаның талабына сәйкес келмейді.
Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрайымы:
- Егер сіз ажырасқан болсаңыз, бұл санатқа өте аласыз. Әрі қарай азаматтық некеде болсаңыз да, санаттағы орныңыз сақталады. «Толық емес отбасы» деген санат Қазақстандағы тез өсіп келе жатқан санаттардың бірі. Кезекке тұру жағынан да олар алда. 150 мың адам осы санат бойынша кезекте тұр. Егер біз жалға берілетін баспананы субсидиялау бағдарламасына «толық емес отбасыларды» қосатын болсақ, біз қатысушылар тізіміне енетін басқа төрт санатты ұмытамыз. Қаржылық қиындықтар туындауы мүмкін.
Ибрагимова айтқан төрт санатқа мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбилеп отырған отбасылар, бірінші және екінші топтағы мүгедектер, жетім балалар, көпбалалы отбасылар жатады. Бағдарлама сәуір айында басталды, алдағы үш жылға дейін жүзеге асады деген жоспар бар. Тұрғын үй операторлары осы пәтер жалдау ақысын субсидиялау жұмыстарын бітірмей, басқа бағдарламаларға кірісе алмай отыр. Сол себепті «Бақытты отбасыны» кейінге шегеріпті. Бұл жеңілдетілген ипотекаға екі аптадан кейін құжат қабылданады.
15-маусымда іске қосылатын бағдарламаға 51 миллиард теңге бөлінеді. Әкімдік кезегінде тұрған бес мың адам осы ақшаға екі пайызбен 18 жылға, бастапқы жарнасы он пайызбен ипотека ала алады. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау мен Атырауда алынатын ең қымбат баспана құны – 15 миллион, ал басқа аймақтарда пәтердің ең жоғары бағасы 10 миллион теңгедей болуы тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!