Түркістанда «Қайырымдылық керуені» жеңімпаздары марапатталды
Түркістанда «Қайырымдылық керуені» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Жыл сайын ұйымдастырылатын шараға қатысуға биыл мыңнан астам өтініш түскен. Үздіктерді анықтау оңай болмапты. Қайырымды жандардың қуанышын КТК тілшісі көріп келді.
Автор: Бек Әбиев
24.05.2022
Анар Бексұлтановаға екі қолының жоқтығы күнделікті ерлік жасауына еш кедергі емес. Келіншек сегіз жыл бұрын Тараз қаласында тігін цехын ашып, колөнер, кесте тігу мен ою-өрнектер жасаудың хас шеберіне айналған. Бірнеше көпбалалы ананы жұмыспен қамтып отырған Анар ниет түзу болса, жақсылық жасау әркімнің қолынан келетін іс дейді.
Анар Бексұлтанова, «Асар» номинациясының жеңімпазы:
- Қазіргі кезде қайырымдылық жасаймын деген адамдарға мүмкіндік өте көп. Мынау үкімет тарапынан мен 3 грант иегері болдым. Қандай жерде конкурс ұйымдастырылса да, маған қолдау болады. Сонымен қатар осы істеп жатқан ісімізді қолдап жатқан «Қайырымдылық керуеніне» өтініш беріп едік, оны да елеп, қазіргі таңда жақсы орын алып келіп отырмыз. Мен өте қуаныштымын.
Ал Саян Рахманғұлов жеңімпаздардың ішіндегі ең жасы. 10 жастағы Павлодар облысының тұрғыны Башмачное ауылында жоғалып кеткен төрт жасар балақайды өлім аузында жатқан сәтте құтқарып қалған.
Саян Рахманғұлов, «Бала жүрегі» номинациясының жеңімпазы:
- Ауылда жоғалған Аруана деген кішкентай қызды іздеп, әкем және бауырыммен мен де шықтым. Ауыл сыртында арық бар еді, сол жерден көк күртешемен суда жатқан қызды көріп суға секірдім. Жағаға алып шықтым да, әкемді дауыстап шақырдым. Әкем ол қызға жасанды тыныс беріп, жүрек массажын жасады да, қыз тірі қалды.
«Қайырымдылық керуенін» осымен төртінші мәрте ұйымдастырғандар батылдық пен қамқорлық көрсетіп, өзгелерге қол ұшын созғысы келетіндер саны жыл сайын артып жатқанын айтады.
Әлкей Марғұланұлы; Н. Назарбаев қорының атқарушы директорының орынбасары:
- «Жақсы істің үлкен кішісі болмайды». Кішкентай адамға жақсылық жасау немесе қалың қауымға жақсылық жасау, біз оны қалай өлшей аламыз. Жақсылық жасау қоғамдағы көптеген азаматтарымыздың игі істерін кеңінен насихаттау, бұл бірінші кезекте, мемлекеттің ғана жұмысы емес. Менің пікірімше, бұл бірінші кезекте үкіметтік емес ұйымдардың негізгі жұмысының бір көрсеткіші болуы керек.
Салтанатты шарада 7 номинация бойынша байқау жеңімпаздары марапатталды. Оларға бағалы заттар мен емдеу-сауықтыру сертификаты берілді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!