Депутаттар: Автонесиелеу бағдарламасын тағы жеңілдету керек
Депутаттар жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасын тағы жеңілдету керек! Депутаттар бүгін Үкіметтен осыны сұрады. Мәжілісмендердің пікірінше, бағдарлама айналасында делдалдар қаптап жүр. Бітірген шаруалары да шамалы.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
25.05.2022
Келісіп пішкен тондары келте болып, соның кесірінен қазақстандықтар әбден сандалып қалған.
Жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы 2015 жылдан бері бар. Бірақ жауапты операторлар жаңа жоба ойлап тапқандай кеуделерін керіп жүр дейді депутаттар. Айқын Қоңыровтың сөзінше, ештеңе ойластырудың қажеті жоқ, тек дайын асқа тік қасық болып, ұйымдастыру жағын мықтап қолға алу керек.
Жеке көлік мініп күнкөрісін жақсартамын деген халықтың қарасы қалың. Алайда сұранысты Үкімет орындамай отыр. “Автосалондарда машина жоқ” деген Қоңыров, көліктің жетіспеушілігін жасанды әрекет деп түсінеді. Бұған екі арадағы делдалдардың көптігі әсер етіп жатыр екен.
Елімізде көліктер 4 пайызбен несиеге беріліп жатыр. 16-мамырда басталған бағдарлама аясында бүгінге дейін тек 361 қазақстандық жаңа теміртұлпар мінген.
Айқын Қоңыров, Мәжіліс депутаты:
- Үкімет жақсы нәрсе істегісі келді, бірақ, бәрі керісінше болды. Жеткізу, өндіру, сату, кәдеге жарату жұмыстарына кірісіп, шаруасын шешкісі келетіндердің саны өсуде. Бұл схема айналасында әртүрлі операторлар, делдалдар, агенттер қаптап жүр. Қазақстанның Халық партиясының фракциясы өткеннен сабақ алуға, мемлекет бюджетін тонамай, қарапайым азаматтардың қалтасын қақпауға шақырады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!