Биыл Қазақстанда астық түсімі қандай болады?
Биыл Қазақстанда астық түсімі айтарлықтай артады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің болжамы осындай. Бүгінде егіс алқабының аумағы 23 миллион гектардан асқан.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
25.05.2022
Қазір егіс алқабында жұмыс қызу. Былтырғы қуаңшылықтан өткендеріне қуанған диқандардың ендігі міндеті – қыстан қалған ылғалды ұстап қалу.
Азат Сұлтанов, ҚР АШМ Егіншілік департаментінің директоры:
- Фермерлер ылғал жинау жұмыстарын жүргізді. Қазірдің өзінде бұл 1 гектардан 0,7 центнерге өнімділік артады деген болжам жасауға мүмкіндік береді. Айтып отырғанымыз — ең төменгі көрсеткіш. Қабылданған шаралардың арқасында егіс алқаптары ылғалмен жеткілікті деңгейде қамтамасыз етіледі.
Ауыл шаруашылығы министрлігін тағы бір қуантқан жайт — «Қазгидромет» болжамы. Мамандар биылғы ауа райы диқандардың жұмысына кедергі келтірмейді деп отыр. Былтыр қуаңшылықтың кесірінен өнім 20 пайызға аз болған еді. Қатты ыстықтан алқаптағы бүкіл егіс қурап қалды. Егін бітік шықпаған соң, бидайдың құны бірден шарықтап кетті.
Қазақстан ішкі нарықты қамтамасыз етіп, бағаны тұрақтандыруға бидай мен ұн экспортына тыйым салды. Шектеу 15 маусымға дейін сақталмақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!