{metadescription}
Заңсыз құрылыс: Алматының тау етегінде көпқабатты үй салған
Заңсыз құрылыс: Алматының тау етегінде көпқабатты үй салған

Заңсыз құрылыс: Алматының тау етегінде көпқабатты үй салған

Қырды қопарып, көп қабатты үй салған қай дөкей? Алматының тау етегінде тұратын тұрғындар заңсыз құрылыстың арты апатқа әкелмесін деп алаңдаулы. Айтуларынша, жеке баспана салуға арналған жерге әлдекімдер төрт қабатты үй көтерген.

Ол үшін 15 метрге жуық қыратты қазып, артынан бекітпеген де көрінеді. Қауіпті аймақта мұндай құрылысқа рұқсат беру қаншалықты заңды?

Қыраттың ұшар басына дейін бой көтерген баспаналардан көз сүрінеді. Ауасы таза, жасыл желекке оранған тау бөктері негізінен қалталылардың қонысы. Коттедж қалашығы тұрғындарының тыпыршуына етектегі жарды опырып, төрт қабатты үйдің бой көтеруі түрткі болды.

Базаркүл Мұқажанова, Алматы қаласының тұрғыны:

- Салғаннан кейін қырқылған тауды олар ешқандай да ешнәрсемен бекітпеген. Сол күйі тұр кесілген қалпы. Кірпішпен қаласа да, бетон қойса да бұл жердің аты жер, бәрібір жылжи береді. Егер ол жақ жылжитын болса, біз тұрған үйлер де төмен жылжып кетуі мүмкін. Сондай қауіп бар.

Көз алдындағы құрылысты тұрғындар кеш байқаған. Енді не де болса, бұл үй сүрілмейінше тынбаймыз дегендер талай мәрте әкімдікке хат та жазды. Бірақ әзірге коттедж қалашығы халқының мазасын қашырған құрылыс тоқтар емес.

Тимур Әділбаев, Алматы қаласының тұрғыны:

- Жар осы жерден бастап опырылған. Шамамен 17 метрдей қазған. Бұл жерде жүрудің өзі қауіпті. Жарға құлап кетуін мүмкін. Бұл қырды негізінен мына ағаштардың тамыры ғана ұстап тұр. Оларды опырып тастаса, топырақ жылжып қатты жаңбырда үйлерді шәйіп кетуі мүмкін.

Құрылысы толық аяқталмаған үйдің аумағына аяқ аттап баса алмадық. Бұл жерге жауапты мекеменің өкілімен тілдессек деген тұрғындар тілегіне кызба күзетші көре алмайсыңдар деп дүрсе қоя берді.

Шу шығарған нысанға әкімдіктегілер әйтеуір әупірімдеп жетті. Әңгіме ауанына қарағанда төрт қабатты кешеннің құрылысы ешқандай рұқсатсыз жүргізілген. Заңбұзушылық шаш етектен. Сорақысы сол, мұның бәрін олар енді ғана анықтап отыр.

Әлібек Төлбасиев, Алматы қалалық Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бас маманы:

- Тұрғындардың шағымынан соң жоспардан тыс тексеріс жүргіздік. Жердің иесі Ақашов Жәнібек деген азамат. Тексеріс қорытындысы бойынша нысан жобалықсметалық құжатсыз бой көтерген. Техникалық қадағалау болмаған. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына да ескертпеген. Оған қоса қырды қазған.

Жіпке тізген бұл олқылықтың орнын толтыру үшін жер иесіне 17 ші маусымға дейін уақыт берілді. Үш аптаның ішінде опырылған жарды техникалық талапқа сәйкес бекітуі тиіс. Одан бөлек құрылыстағы кем-кетікті ретке келтіруге міндеттеледі. Ал, олай болмаған жағдайда іс сотқа жолданады деп әкімдіктегілер тұрғындарды жұбатқандай болды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде