{metadescription}
Биылғы түлектерге жағымды жаңалық
Биылғы түлектерге жағымды жаңалық

Биылғы түлектерге жағымды жаңалық

Соңғы қоңырау бүгін 170 мыңнан аса түлек үшін соғылды. Салтанатты жиын ел мектептерінде екі жылдан бері алғаш рет өтіп отыр. Бірі оны дәстүрлі түрде қоштасу вальсімен әрлесе, енді бір ұжым бұл күнде әлемдік рекорд орнатуға тырысты.

Елдегі орта білім ордалары биылғы оқу жылын қалай түйіндеді? Түлектер үшін қандай жағымды жаңалық бар?

Соңғы қоңырау бүгін елдегі жеті жарым мың білім ордасында соғылды. Үш жарым миллиондай оқушы биылғы оқу жылын аяқтап отыр. Бұл соңғы жиырма жылдағы рекордтық көрсеткіш. Ал сол үш жарым миллионның 170 мыңнан астамы мектеп бітіруші түлек. Жаңа өмірдің табалдырығынан аттағалы тұрған бозаба мен бойжеткендер. 

Қызылды-жасылды лента мен шарлар, ақ бантик тағып ырғалтыла қоштасу вальсін билеген қыздар мен ұлдар. Аға-әпкелеріне тақылдап тақпағын арнаған балақайлар. Мектеп оқушылары осындай соңғы қоңырау жиынын сағынғандай. Оған себеп те жоқ емес. Өйткені пандемия басталғалы бері биыл бірінші рет салтанатты рәсім өтті. Елордалық №77 мектеп оқушыларының қуанышын бөлісуге білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те келді. Түлектерге сәт-сапар тілеп, бір сәт өзінің де оқушы шағын еске алды. «Білім сізден болса, грант — бізден», -  дейді Аймағамбетов түлектерге.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Биылғы жылы жоғары оқу орнында оқу үшін, оған түсу үшін гранттардың саны 15 мыңға көбейіп жатыр. Жалпы биылғы жылы гранттардың саны 73 мың грант болады. Ол біріншіден. Егер біздің түлектеріміз коллледждерге түсемін десе, колледждердің гранттары да көбейтілді. Биылғы жылы 45 мың қосымша грант бөлініп жатыр. Жалпы 140 мыңға жуық колледжде оқитындай гранттар бөлінді.

Министрдің сөзінше, соңғы жылдары шетелге оқуға кететін түлектер саны азайған. Бұл отандық университеттердегі білім сапасы артқандығының көрсеткіші дейді Аймағамбетов. Биыл бөлінген мемлекеттік гранттардың 60 пайызы техникалық мамандықтарға арналыпты. Енді тек түлектер 11 жылда оқығаны мен санаға тоқығанын дәлелдеуі керек. Айтпақшы, биылдан бастап ҰБТ тапсырмай-ақ грант иегері атануға болады.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Халықаралық әртүрлі олимпиадалардың жеңімпаздарына ҰБТ тапсырмай өзі қалаған жоғары оқу орындарына түсетіндей  заң қабылданды Екіншіден оларға бір мәрте үстемақы беріледі төрт миллионнан. Және де оларды дайындаған тәлімгерлеріне де үстемақы берілетін болады.

Елордада 150-ге жуық мектеп болса, солардың ішінде жылды ең әдемі қортындылаған Назарбаев зияткерлік мектебі. Физика-математика бағытындағы білім ордасында бір сәтте мың оқушы домбырамен күй шертіп әлемдік рекорд орнатуға талпынды. Оларды Гиннесс рекордтар кітабының тәртібі бойынша 25 бақылаушы қадағалады.

Енді мектеп бітіруші түлектер 16-17 маусымда қолдарына білім аттестаттарын алуы тиіс. Ары қарай оларды Ұлттық бірыңғай тестілеу күтіп тұр. Биылғы білім саласындағы жағымды жаңалықтың бірі — түлектер мемлекеттік грант конкурсына қатысу үшін екі мәрте сынақ тапсыра алады. Жалпы жоғары оқу орнының студенті атану үшін Ұлттық бірыңғай тестілеуде 5 рет бағын сынап көруге мүмкіндік бар.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.