Көкшетаулық оқушы мектебін жарып жібермек болды
Көкшетаулық оқушының шыдамы бір күнге жетпей қалды. Оқудан әбден мезі болдым деген ол сабақтың соңғы күні мектепті жарып жібермек болды. Ол үшін өзі оқитын білім ошағына қолдан жасалған бомба әкеліп қойып кеткен. Абырой болғанда оны қызметкерлердің бірі байқап қалыпты.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
25.05.2022
Дереу тәртіп сақшыларына хабар беріп, саперлер бомбаны мектеп ауласында жарып жіберді. Әзірге оқушының жарылғышты қайдан алғаны белгісіз. Кеше кешкісін болған осы оқиғаға қарамастан, білім ошағында бүгін 74 түлекке соңғы қоңырау соғылды. Бірақ салтанатты сәтті полиция кірпік қақпай күзетіп тұрды.
Мектепте сән салтанатпен басталған дәстүрлі соңғы қоңырау алдында болған оқиғаны тек сырттай бақылап тұрған полиция еске салады. Бұл Көкшетаудың қақ ортасындағы 2400 оқушысы бар ең үлкен мектеп. Білім ошағына жарылғыш зат қойған оқушысы қыз болып шықты. Ол мектебін жарып жібермекші болған. Арнайы қызмет жарты күн бойы әбігерге түсіп, қолдан жасалған бомбаны алысқа апармай- ақ сол жерде залалсыздандырды.
Мамандар бірден мектептің мына футбол алаңында жарылғыш заттың көзін жойды. Екі рет жарылғанда соңғысының дүмпуі қатты болғаны сонша жұрттың зәресін ұшырды. Әзірге жарылған заттың не екені белгісіз.
Людмила Овсенкина, Көкшетау қаласының тұрғыны:
- Бұл өте қорқынышты. Мектептің жанында тұрамыз. Қатты жарылыстан зәреміз ұшып, бәріміз далада жүрміз. Не деген сұмдық!Соңғы қоңырау екенін білетін біреулер ғой. Өте қорқынышты.
Абырой болғанда, бұл уақытта мектепте оқушылар болмаған. Жолдар тегіс жабылып, ғимараттағы 20 шақты мұғалім мен 10 техникалық қызметкер қауіпсіз жерге шығарылды. Сосын саперлар мен кинологтар мектепті бірнеше сағат жүріп, сүзіп шықты. Бірақ әлгі аулада жарған заттан басқа ештеңе табылған жоқ. Құлақ тұндырған дауыстан маңайдағы көлік дабылы іске қосылып, айнала азан-қазан болды.
Гүлнар Әбдіқасымова, мектеп директоры:
- Еден жуушылардың бірі 2 қабаттағы терезе алдында жатқан қолдан жасалған жарылғышты көріп қалған. Ол жарылғыш затқа ұқсағанымен муляж. Қазір мектеп оқушысы екені белгілі болып отыр. Ол оны мектепке рюкзагына салып кіргізген.
Әсем Әбдірахманова, Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің ресми өкілі:
- Көпшіліктің қауіпсіздігі үшін барлық талаптарды сақтай отыра табылған құрылғы сол жерде жойылды. Жедел іздестіру шарасы қолдан жасалған затты осы мектепте ары қарай оқығысы келмеген оқушы қыз әкелгенін анықтады. Қазір тергеу жалғасып жатыр. Ювенальдық полиция жасөспірімді есепке қою мәселесін қарастыруда.
Ал арам ойлы жасөспірімнің әрекеті үшін ата –анасы заң алдында жауап бере ме,жоқ па оны тергеу анықтайды. Оқу жылының соңғы күнінде абыр-сабыр болған мектеп басшылары жарылғыштың ғимарат ішінде іске қосылмағанына қуанып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!