Тапшылық: Елордада қант 800 теңгеден сатылып жатыр
Елдегі қант тапшылығы астананы да айналып өтпеді. Елордалықтардың көпшілігі екі аптадан бері қантсыз шайға үйреніп жүр. Өйткені үй астындағы шағын дүкендер түгілі, базарда да қант жоқтың қасы.
Автор: Әзиза Төленби
26.05.2022
Ал бар жерде баға шарықтап шыға келген. Қазір бір келі шекер кемі 800 теңгеден сатылуда.
Елорда әкімдігінің есебі позитивке толы. Астаналықтар мен әкімдіктің сөзі бір біріне қаншалықты сәйкес?
Нұр-Сұлтан мен Ақмола облысын азық-түлікпен қамтып отырған базардың жұмысы таңғы төрттен басталады. Күніне 130-дан астам алыс-жақын шетелден көкөніс, тамақ, ет, жеміс-жидек тиеген жүк көліктері келеді. Бірақ солардың бірінде қант жоқ. Сөресі босап қалтасы қағылып жатқан саудагерлердің де көңі-күйі жоқ.
Ления Әбдіраева, сатушы:
- Фирмаларда қант жоқ. Білмеймін, жоқ деп жатыр. Келмей жатыр. Ресейге тапсырыс бергенбіз, Қырғызстанға тапсырыс бергенбіз. Жоқ, келмей жатыр деп жатыр. Қазақстаннан қант мүлдем келіп жатқан жоқ.
Біз аралаған көтерме базардағы барлық сауда нүктесінің екеуінен ғана қант табылды. Оның өзі қалған екі-үш қапшық. Саудагерлер өзін де, өзгені де аяп қояды.
Айман Аматова, сатушы:
- Енді алып жатыр енді не істейді басқа? Амал жоқ басқа. Алып жатқан жерде де, барлық жерде қымбат боп жатыр. Сол үшін алып жатыр.
Базаршыл жұрттан бұрын, мұндағы саудагерлердің қант таба алмай сабылып жүргеніне екі апта болған. Қолындағы ақшасына қырғыздың, орыстың, тіпті қазақтың қантын таба алмай жүр. Ал көтерме бағамен сауда жасаушылар бір көлік, яғни, кем дегенде 30 тоннаны келісі 650 теңгеден алсаң ал, алмасаң қой дейді екен.
Қоймасын алдын-ала толтырып алғандар қант тапшылығын естіп бағаны бірден үш есеге көтеріп жіберген.
Әсіресе кондитерлік тәтті пісіретін цехтерге қиын боп тұр. Өйткені десертті сатпақ түгіл, қалай пісірерін білмейді. Шекер болмаса, тәтті де жұмыс та жоқ.
Динара Ибраева, аспаз:
- Торт бағасын көтеруге мәжбүр болдық. Клиенттерге қиын болды. Клиенттеріміз азайып қалды, тапсырыс азайып қалды. Торт, тәтті тоқаш,балалардың туған күндерін қысқартқан сияқты. Тортты тіпті екі рет есептеп қана сатып алатын бопты.
Елімізде төрт қант зауыты бар. Бірақ олар жалпы қажеттіліктің тек 7 пайызын өтей алады. Қалғаны импорт. Әлемдегі геосаяси жағдай сол тасымалға біраз тұсау болған. Десе де әкімдіктің көзбен көргені бөлек. Көрсетейін десе, тапшылықты таппай отырғандай.
Руслан Ыдырысов, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі азық-түлік қауіпсіздігі бөлімінің басшысы:
- Алдынала жасаған келісімшарт бойынша қоймаларда 400 мың тонна қант бар. Олар қаладағы ірі саудамаркееттерінде 320 теңгеден сатылып жатыр. Қант бар. Ал дүкендер сатып алған бағаға 15 пайыздан артық қоспауға тиіс. Қазір қалада екі аптаға жететін 400 тонна құмшекер бар.
Уәдесі де, есебі де түгел әкімдік алдағы уақытта тағы да қамбаны толтырамыз дейді. Жеткенінше ел ішінен, болмаса шетелден алдыртуға дайын отыр. Бірақ семіз сөйлеп, арық шығатын атқамінерлер қарекет еткенше елордалықтар шекерден әлі біраз тарығатын секілді. Бұлай жалғаса берсе, жылына әр қазақстандық 18 келіге дейін қант қолданады деген статистиканы да өзгертуге тура келеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!