Қазақ-қырғыз шекарасында жаңа сауда-логистикалық кешен салынады
Қазақ-қырғыз шекарасында жаңа сауда-логистикалық кешен салынбақ. Бүгін нысанның капсуласы салынды. Ұзақ уақыттан бері салыну-салынбауы болған кешеннің арқасында қос елдің арасындағы алыс-беріс артады.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
26.05.2022
Алдағы уақытта Қазақстан мен Қырғызстан тауар айналымын екі миллиард долларға жеткізуді мақсат етіп отыр. Дегенмен қазір қос елдің шекарасындағы жағдай мәз емес.
«Қордай» шекара бекетіндегі жүк көліктерінің кептелісі мен өзге де мәселелерді бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев та Қырғызстанға жасаған ресми сапары барысында айтып өтті. Президенттер мәселені шешеміз, кептеліс, тексеріс азаяды деп отыр.
«Манас» әуежайынан «Ала-Арча» резиденциясына Қасым-Жомарт Тоқаев қара мерседеспен құстай ұшып жетті. Бұл кезде қырғыз президенті құрметті қарауылмен әріптесін күтіп тұрған. Мемлекет басшылары бір-бірімен жүздескеннен кейін, қос елдің әнұраны шырқалды. Садыр Жапаров бұдан соң, қазақстандық делегацияға құрмет білдірді.
Елімізден бұл сапарға сауда, индустрия, ауыл шаруашылығы, білім, сыртқы істер, мәдениет пен экология министрлері қосылған. Олар өз салаларына қатысты біраз маңызды мәселелерді бүгін талқылап алды. Екі елдің арасындағы тауар айналымы 2 миллиард долларға жету алдағы мақсат.
Қазақ пен қырғыз шекарасы президенттердің шағын құрамдағы жиында сөз болды. Бүгінде екі ел арасындағы шекараны кесіп өту қиын. Үнемі адам лық толы. Егер сауда-логистикалық кешен іске қосылса, проблема одан сайын күрделене түспек. Қасым-Жомарт Тоқаев мәселенің шешілетінін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Соңғы жылдары бұл бағытта бірқатар ауқымды іс-шаралар атқарылды. Былтыр «Қордай» бекеті жаңартылып, жолаушыларға сапалы қызмет көрсетіле бастады. Басқа да бекеттерді жаңғырту туралы келісімдер бар. Басты мақсат – шекарадағы тексерістерді азайтып, көлік кептелісін жою. Осы ретте мен аталған мәселелерді реттеу үшін екі цифрлық технологияны енгізудің маңызды екенін атап өттім.
Қос тарап үнемі трансшекаралық өзендердің жайын талқылайды. Бүгін де сөз болды. Бұл мәселе әсіресе, жаз кезінде талас туғызып, өзекті бола түседі. Жамбылдықтарға Қырғызстандағы шаруалардың кесірінен су жетпей жатады. Ел президентінің сөзінше, су ресурстары ортақ. Дауласқаннан пайда жоқ, бәрін мәмілемен шешу керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Су тапшылығы мәселесі жылдан жылға күрделеніп келеді. Беделді халықаралық экологиялық ұйымдар осындай болжам жасап отыр. Су келешекте көп болмайды, тапшы болады. Бұл – анық нәрсе. Сондықтан Орталық Азия мемлекеттері бірлескен жұмыстарды қолға алуы қажет. Екі елге ортақ өзендер әрдайым жұртты жақындастыра түсуге дәнекер болуы керек. Қазақстан барлық міндеттемелерін толық орындауға және маңызды жобаларды бірлесе іске асыруға дайын.
Бішкектегі бүгінгі сапар аясында бірнеше маңызды құжатқа қол қойылды. Көп ұзамай Тоқаев пен Жапаров аймақ мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуін өткізуге уағдаласты. Қазақстан тарапы Қырғызстанның Еуразия экономикалық одағының төрағасы ретінде атқарып жатқан жұмыстарын қолдайтынын жеткізді. Мемлекет басшысының сапары Еуразиялық экономикалық форуммен қорытындыланды. Одаққа мүше мемлекеттердің басшыларының ішінде Қасым-Жомарт Тоқаев қана келген. Қалғаны жиынға онлайн қатысты.
Соңғы екі жылда пандемияға байланысты форум өтпеген. Сондықтан болар бұған биыл қатысамын дегендер көп болыпты.
Басқосуда 15 елден екі жарым мыңнан астам адам жаһандық өзгерістер дәуіріндегі еуразиялық интеграцияның стратегиялық даму перспективаларын талқылады.
Саяси тақырыптардан бөлек, мәдени, рухани іс-шараларға да Бішкекте мән берілген. Қала орталығында Абайдың ескерткіші ашылды. Салтанатты рәсімге қатысқан Президент ілтипат ретінде Манас батырды елімізде ұлықтауға сөз берді.
Ал білім жағынан келер болсақ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы Қырғызстанда ашылады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!