Елордада енді аумағы шағын үйлер салынбауы мүмкін
Ал елордада құрылыс компанияларының басшылары шу көтерді. Енді бас қалада бұдан былай аумағы шағын үйлер салынбауы мүмкін. Себеп: елорда әкімдігі ұсынған қала құрылысының жаңа жоспары. Енді әр тұрғынға ең кемі 18 шаршы метрден тиесілі болуы қажет.
Автор: Елдос Есенбол
26.05.2022
Ал бұл бағаға әсер етуі мүмкін екен. Сонымен құрылыс компанияларының бұлай сары уайымға салынуына не себеп? Бұған қатысты сарапшылар не дейді?
Арқа төсіндегі астанадан баспаналы болу мұндағы әр қазақтың арманы. Онсыз да оңайлықпен кілті қолыңа тимейтін тұрғын үй жақында тіпті қолжетімсіз болуы мүмкін. Құрылысшылар қауымдастығы осылай деп дабыл қағып жатыр. Себеп: елорда әкімдігі қала құрылысын жоспарлаудың жаңаша жобасын ұсынған. Енді бас қалада бір жанға 12 емес, 18-25 шаршы метрден тиесілі болуы қажет.
Бұл үйдің аумағы шамамен 35 шаршы метр. Егер әкімдіктің жаңа жобасы күшіне енетін болса, енді осындай шағын көлемдегі үйлер салынбауы мүмкін. Өйткені бұл өз кезегінде құрылыс компанияларына өте үлкен әсерін тигізеді дейді мамандар.
Қазір нарықта аумағы шағын үйлер өтімді болып тұр. Қараша көңілінің қалағанын емес, қалтасының көтергенін алады дейді тұрғын үй нарығын білетін мамандар.
Мақсат Егісбаев, Жылжымайтын мүлік агенттігі директорының орынбасары:
- Кіші габарит пәтер сату оларға тиімдірек. Сондықтан оларды түсінуге болады. Егерде адам санын алатын болсақ, 20 миллионы бар адам бізде азырақ. 15 миллионы бар адам көбірек. Сондықтан құрылыс компанияларды сұранысты өткізіп алмағысы келеді.
Ал құрылысшылардың өз айтары бар. Егер жан басына тиесілі шаршы метр аумағы ұлғаятын болса, 9 мыңға жуық тұрғын үй салумен айналысатын компания шығынға ұшырып, нарықтан кетіп қалуы мүмкін. Олай болған жағдайда 69 мың жұмысшымыз далада қалады дейді қауымдастықтағылар. Ал жаңа ереже арқылы әкімдік тұралаған инфрақұрылымдарын жетілдіріп алуды көздеп отыр дейді.
Виктор Микрюков, Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының президенті:
- Елдегі мегополистерде күн санап халық саны артып жатыр. Сол себепті тұрғын үй құрылысы да қарқынды. Ал, инженерлік желілер бұған дайын емес. Яғни құрылыс компаниялары әлдеқайда алға озып кетті. Олар салған нысанды жарықпен, жылумен, сумен қамту әкімдіктің міндеті ғой. Демек олар осы әдіс арқылы үй құрылыс баяулатып, инженерлік желілерін дамытып алуды көздеп отыр.
Осы орайда шет мемлекеттерде бұл ереже қандай десек, Мәскеу мен Лондонда жан басына 9 шаршы метрден тиесілі екен. Ал елорда әкімдігі 12 шаршы метрді азсынып, кемі 18-ге дейін ұлғайтқысы келеді. Бірақ ұсынған жобаға қатысты сын-ескертпе түскеннен кейін «қайта қараймыз» деп отыр. Мұндай өзгеріс арқылы соңғы уақытта қаланың басты проблемасына айналған тығыз құрылыс мәселесін шешуге тырыстық дейді шенеуніктер.
Нұрхан Серікбаев, Нұр-Сұлтан қаласы сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшының орынбасары:
- Егжейтегжей жоспарлау жобасын өзгерту құрылысшылардың ғана қалауы емес қой. Ол тарапты тыңдасақ, әңгіме коммерциялық пайдаға келіп тіреледі. Біз халықтың да, жекелеген бизнес иелерінің де жағдайын ойлауымыз керек. Жалпы әлеуметтің пікіріне құлақ асуымыз қажет. Жаңа жобаға қатысты біраз негатив келіп түсті. Жобаны қайта қараймыз.
Десе де елорда әкімдігі әзірге өз қазанында өзі қайнап жатқан секілді. Өйткені индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әзір өздеріне қала құрылысын жоспарлауға қатысыты ешқандай жаңа өтініштің түспегенін мәлімдеді. Ал түскен жағдайда министрліктегілер қос тарапты да ренжітпейтіндей қылып шешім шығаруға әзір.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!