Жылу қазандығы тозған Көкшетау қыста жылусыз қалуы мүмкін
Көкшетау қаласы алдағы қыста жылусыз қалуы мүмкін. Өйткені шаһардағы жалғыз жылу қазандығы 70 пайызға тозған. Оны күрделі жөндеуден өткізуге 2 жарым миллиард теңге бөлініпті. Бірақ енді отын алатын ақша жоқ.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
27.05.2022
Осыдан 45 жыл бұрын салынған қазандық бес мыңға жуық нысанды жылытып отыр. Бірақ тұрғындар өткен қыста тоңып шыққанын айтып жиі шағымданған. Жергілікті билік жаңа жылу орталығын салуға байқау жарияланып инвестор іздеп жатқанын хабарлады. Бірақ оның құрылысы нақты қашан басталары белгісіз. Жауаптылар әбден тозығы жетіп, жарылғалы тұрған пештерді жөндеп, жамап-жасқауға кірісіпті.
Бүгін осы орталыққа келген премьер-министрден облыс әкімі көмек сұрады. Ермек Маржықпаев мазуттың қымбаттап кетуі бюджетке салмақ салатынын айтады. Ал, Әлихан Смайылов құны 240 миллиард теңгеге жоспарланған жылу орталығы құрылысын тезірек бастау үшін тиісті орындарға тапсырма берді.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Алдағы жылу маусымына қазандықтарды түгел жөндеп бітіруге тиістісіздер. Ал аса маңызды инфрақұрылымдық жоба жаңа жылу электр орталығының құрылысын бастау үшін байқау уақытымен өткізіп, инвесторды анықтаған соң белгіленген кесте бойынша іске кірісуді Энергетика министрлігіне тапсырамын. Биылғы маусымға қажетті 62 мың тонна мазутты жеңілдетілген бағамен сатып алуға келісуді де министрлікке тапсырма беріледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!