Бірқатар өңірде қант қайтадан қат тауарға айналды
Еліміздің бірқатар өңірінде қант қайтадан қат тауарға айналды. Ақтөбенің дүкен сөрелерінде қорабы мың теңгелік шақпақ қант қана сатылып жатыр. Оралдықтар шекер үшін сауда орнында бірін-бірі таптап, тәттіге таласуда.
Автор: Жаңалық Ахаш
30.05.2022
Ал азық-түлікпен елді қамтуға жауапты ауыл шаруашылығы министрлігі жақын арада 150 вагон қантты өңірлерге таратып береміз деп отыр. Осылайша тапшылықты жоймақшы.
Ақтөбе тұрғындары үш күннен бері қант таба алмай сабылып жүр. Әкімдіктің тікелей бақылауындағы әлеуметтік дүкендердің сөресі де бос. Супермаркеттерде құмшекер төрт күн бұрын болған. Ол кезде келісі 461 теңгеден сатылыпты. Қазір тек мың теңгелік қораптағы шақпақ қант қана қалған.
- Екі күн келіп едім жоқ шекер, тапшы. Басқа дүкендерге бардым. Қымбаттап жатыр. Бәрі қымбаттап жатыр, екі есе, үш есеге. Қайдан білейін, не болатынын? Бірақ халықтың зейнетақысы өте аз , бізге қиын, қымбаттағаны.
- « Батыс-2», кішкентай «Анварда» да шекер жоқ. Үш күн болды, шекер жоқ деп қақсап жатыр. Соны қарастыру керек. Депутат мырзалар, қантты бақылауға алыңыздар.
Ақтөбелік шенеуніктер тұрғындар енді «қанттан тапшылық көрмейді» деп, ант-су ішіп отыр. Сөрелерді құмшекерге толтырып, бірақ оны әр адамға тек үш келіден шектеп сатамыз дейді.
Осыдан бір апта бұрын көршілес оралдық шенеуніктер де дәл осылай деген. Бірақ қарық қылмақ тұрмақ, жұрт дүкенде қантқа таласып жатыр.
Оралда қант үшін тұрғындар бір-бірін таптап кетуге әзір. Бірақ мұнда шектеп сатқанның өзінде, бәріне бірдей шекер жетпей жатыр.
- Дүкенде қант жоқ. Оны қайдан аламыз? Неге жоқ? Қымбат болса да, жоқ қой! Неге қымбаттата береді қантты?!
- Қазақстанда бәрі шығады дейді, ал бізде жоқ. Оралға келмей ме, әлде Оралдан айналып кетіп жатыр ма? Қайда жіберіп жатыр соның бәрін?
Бұрын қант көршілес Ресейден тасымалданатын. Наурызда ол жақ тәттіні экспорттауға тыйым салды. Енді елімізде тек Жамбыл облысындағы қос зауытқа телміріп отыр. Оның бірі жақында ғана іске қосылды. Зауыттың өзінде қант қазір келісіне 450 теңгеден шығып жатыр. Себебі: Латын Америкасынан жеткізілетін шикізат қымбаттапты.
Аспандияр Сейсебаев, Жамбыл облысы кәсіпкерлік басқармасының басшысы:
- Егер шикізат Қазақстан, болмаса, жанымыздағы Ресейде болса, оның бағасын қадағалауға мүмкіндік алатын едік. Енді бұл шикізат Латын Америкасынан келіп жатыр. Өздеріңіз білесіздер, бұл геосаяси мәселеге байланысты әр порттармен келеді. Соның қамбаттауы ғана болып тұр. Соның кесірінен бізде де қымбаттап жатыр. 450 бүгінгі нарықта ең жақсы баға десе болады.
Ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер қант тапшылығын болдырмас үшін «барымызды салып жатырмыз» дейді. Қазақстан теміржолымен бірлесіп өңірлерге тәттіні тасымалдауды жеделдетуге келісіпті. Жақында аймақтарға 152 вагон қант таратылады. Соны әкімдіктегілер тез қабылдап алса деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!