Алматыдағы кітап жәрмеңкесіне 60-тан астам отандық баспа қатысты
Алматыда ашық аспан астында кітап жәрмеңкесі өтті. Үш күнге созылған мәдени шараға 60-тан астам отандық баспа қатысып, өз еңбектерін оқырман назарына ұсынды. Көрме-жәрмеңкенің қонақтары кітап нарығының жаңалықтарымен танысып, авторлардың қолтаңбасы қойылған туындыларды сатып алды.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
30.05.2022
Шоқан Уәлиханов атындағы алаңда өткен жәрмеңкенің ашылуына мәдениет және спорт министрі де қатысып баспагерлермен тілдесті. Дәурен Абаев мұндай мәдени һәм рухани шара оқырман мен автор арасындағы байланысты нығайтып, жастардың кітапқа деген қызығуын арттыратынына сенімді. Жәрмеңкеде қабырғалы ақын-жазушылардың туындылары, тарихи кітаптар, энциклопедиялар, әлем әдебиеті, балаларға арналған танымдық, психология мен педагогикаға қатысты кітаптардың сан түрі қолжетімді бағада сатылды.
Ресей мен Қырғызстанның баспалары да жергілікті оқырмандарға өз өнімдерін ұсынды. Шара аясында мамандар баспа ісі, кітап саудасы және қазіргі балалар әдебиетінің дамуын жан-жақты талқылап, пікір алмасты.
Әділ Қойтанов, Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры:
- Бұл үлкен шара. Алматы қаласына, әдебиет пен баспа саласында жүргендерге жаңалық, той. Баспаның барлығы жиналып, кітаптарын шығарып, таныстырып, балалар келіп сатып алып жатыр. Оқырмандар келіп, жақсы күн болып жатыр. Басында өткізіп көрейік деген оймен өткіздік. Бұл сұраныс бар екенін көрсетіп тұр. Алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізіп тұру ойымызда бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!