Қаңтар: Талдықорған полиция басқармасынан қару-жарақ ұрлағандар ұсталды
Қаңтар оқиғасы кезінде қару-жарақ ұрлаған тағы бір қылмыстық топ құрықталды. Олар атыс құралдарын Талдықорған қалалық полиция басқармасының қоймасынан үптеп кеткен.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
31.05.2022
Жасы 22-дегі үш күдікті қолды қылған қаруды үш жерге бөліп жасырған. Біреуі көршісінің ауласына жасырса, қалғаны атасының үйіндегі жертөлеге, үшінші бөлігін Қаратал өзеніндегі көпірдің астына тығып қойған. Олардан бес оқшантайы бар екі Калашников автоматы, 15 оқшантайымен бірге 7 Макаров тапаншасы, мыңнан астам оқ-дәрі мен 3 пышақ тәркіленді. Кейін 22 жастағы күдіктілер сыбайласымен бірігіп Талдықорғандағы зауттың бірінен әрқайсысының салмағы 35 келі болатын қорғасын құймаларын ұрлаумен айналысыпты. Кәсіпорынға келтірілген шығын көлемі 10 миллион теңгеден асады.
Ернар Сайділдин, Алматы облысы ПД ресми өкілі:
- Бірнеше күдікті Алматы маңында ұсталды. Жедел тергеу ісшаралары Талдықорған мен Сарқан аудандарында жүргізілді. Нәтижесінде бұрын ұрланған қару-жарақ табылып тәркіленді. Аталған күдіктілер облыс аумағында ірі ұрлыққа қатысы бар екені анықталды. Қазір олар қамауға алынды. Аталған дерек бойынша, тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 4-бөлігі және 287-бабының 3-бөлігі бойынша жүргізілуде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!