Министр қанттың қымбаттайтынын мойындап отыр
Баға өсетін болады. Елдегі қант тапшылығына қатысты мәлімдеме жасаған сауда министрі шекер құнының көтерілетінін мойындап отыр. Дегенмен дүрлігуге негіз жоқ дейді Бақыт Сұлтанов.
Автор: Әзиза Төленби
01.06.2022
Ал жағдайды пайдаланып қалтасын қампайтқысы келетін алыпсатарларға министр қатаң ескерту жасады.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Бір жарым, екі айлық қор әрқашан да бар. Сондықтан ешқандай дүрлігіп жүгіріп барып сатып алуға еш себеп жоқ. Осыған шақырамыз. Ал енді мына сатып алушылар, делдалдар осыны пайдаланып бағаны көтеріп отырса, біз олармен жұмыс істеп отырмыз.
Министрдің сөзінше, отандық зауыттар ережеге сәйкес, қантты көтерме бағамен 450 теңгеден сатады. Тек ол тұрғындарға жеткенше, бағасы мың құбылады. Ал алдағы күндері геосаяси жағдай, импортқа байланысты қанттың құны 500 бен 600 теңгенің арасында тұрақтауы мүмкін деп болжайды шенеуніктер.
Қазір қорда 31 мың тонна шекер бар екен. Алдағы уақытта мұндай тапшылық болмас үшін ауыл шаруашылығы министрлігі де қам жасап жатқанын айтты. Бірінші кезекте қант қызылшасын өсіру көлемін ұлғайтпақ. Әйтпесе қазір нарықтағы қанттың бар-жоғы 7 пайызы ғана отандық өнім.
Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Бізде жыл сайын 10-12 мың гектарға қант қызылшасы егіледі. Ол Алматы облысы мен Жамбыл облысы. Негізі толықтай қант қызылшасын бағасы да төмен болады. Бірақ қант қызылшасы өндіруге қиын дақыл. Себебі: оған әртараптандыру силообороты да қиын. Сол себептен біз қазір қант қызылшасының егіс көлемін арттыру мәселесін қарап жатырмыз. Павлодар облысының перспективасы зор.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!