Білім беру грантының жаңа түрі пайда болады
Биылдан бастап білім беру грантының жаңа түрі пайда болады. Түлектерге мұндай мүмкіндікті «Қазақстан халқына» қоры ұсынып отыр.
Автор: Елдос Есенбол
01.06.2022
Қор төрағасы Болат Жәмішовтың айтуынша, мұндай шешімнің қабылдануына оқу ақысын төлеуге қиналған 1500-ға жуық жасөспірімнен түскен өтініш себеп болған. Білім беру грантына ауыл мектебінің түлектері, халықтың әлеуметтік осал тобының өкілдері, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және ерекше күтімдегі балалар үміткер бола алады.
Жоба төрт жылға жоспарланған. Бюджеті 4 миллиард теңгеге жуық. Биыл оның 378 миллионын жаратуды жоспарлап қойыпты.
Қаражаттан жоғары оқу орнының ақылы бөліміне түсіп қойған студенттер үшін арнайы шәкіртақы да қарастырылған. Бұл жеңілдіктердің иесін студенттермен етене жұмыс жасайтын қайырылымдылық ұйымдары анықтайды.
Болат Жәмішов, «Қазақстан халқына» қорының төрағасы:
- Әр жоғары оқу орнына үш гранттан бөлінеді. Қазір ел бойынша мемлекеттік білім грантын алатын 85 университет бар. Бұл мүмкіндік тек бакалаврға түсемін деген студенттерге ғана арналған. Талабы тура мемлекеттік конкурстағыдай, ұлттық Бірыңғай тестілеуден жеткілікті балл жинауыңыз керек. Алдағы екі аптаның ішінде конкурстың барлық талабы нақтыланып, «Қазақстан халқына» қорының сайтында жарияланады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!