Түрмеде жазасын өтеп жатқан жасөспірімдер...
Балаларды қорғау күнін ата-анасымен бірге өз үйінде тойлай алмайтын жеткіншектер де бар – темір торға тоғытылғандар. Бүгін Алматыдағы ЛА-155/6 түзету мекемесінде мейрам қарсаңында Ашық есік күні өткізілді.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
01.06.2022
Онда кәмелетке толмаған сотталушылар еркіндікке шығып, асыр салмаса да, жақындарымен көрісіп сағынышын басты. Тар қапаста жазасын өтеп жатқан жасөспірімдер не дейді?
Елімізде жасөспірімдерге арналған жалғыз түзету колониясы. Мұнда қазір 63 бала жазасын өтеп жатыр. Оның тең жартысы аса ауыр қылмыс жасаған. Бүгін енді ойнақтап жүріп от басқан балалармен сөйлесуге мүмкіндік туып отыр.
Балалар колониясы деген аты ғана болмаса, айнала мен мекеменің іші мұнтаздай тап-таза. Албырттықтың кесірінен опық жеген жасөспірімдер колонияға респбуликамыздың түкпір-түкпірінен келген. Солардың бірі – Бекжан. 15 жасында адамды пышақтап ажал құштырған. Түрмеде отырғанына үш жыл толса, бостандыққа шығуына әлі алты жылы бар.
Бекжан:
- Төбелесте адам пышақталып қалған. Сонымен ауруханада қайтыс болған. Сонымен сотталып кеттім. Кезінде сол әкешешеңнің айтқанын тыңдамай, көшеде көп жүрдік, төбелесіп. Ақыр соңында балалықпен болды. Адам қайтыс болды. Түскен кезде түсіндік қой, тыныш жүру керек екен.
Түзету мекемесінде адам өлтіруден бөлек, зорлық-зомбылық секілді аса ауыр қылмыс жасағандар да отыр. Мұнда тек 15-21 жасқа дейінгі жасөспірімдер жазасын өтейді. Әрқайсысы өткен өмірге өкінішпен қарайды.
Азат:
- Жүрген ортаммен кішкене жас бала болғаннан кейін қызбалық болып, төбелес шығардым. Содан бір баланың бір жерін майып қылып қойып келдім. Қазір осында келгелі үш жылдай болып қалды. Келгеніме өкінемін. Екі жылдан кейін аманесен шығып, екі қолға бір күрек тауып, артымнан еріп келе жатқан қарындастарыма ағалық қамқорлығымды жақсылап жасасам.
Жеткіншектер бос уақытында шахмат ойнап, кітап оқып, теледидар қарайды. Кейбірі тіпті анасына деген сағынышын ағаш өңдеу өнерімен көрсеткен. Ал бүгін мейрам қарсаңында жосөспірімдерге көптен көрмеген әке-шешесімен қауышып, сағынышын басты. Бауыр еті баласын бір құшақтауға мүмкіндік туатын осындай Ашық есік күні жылына екі рет өткізіледі.
Мадияр Қонқанов, Алматы қаласы қылмыстық атқару жүйесі департаментінің тәрбие жөніндегі бас маманы:
- Жазасын өтеп жатқан балалар сырттағы балалардан ой қабілетімен қалып қалмас үшін ондай шаралар көп жүргізіледі. Және де бізде психологиялық жұмыс көп жүргізіледі. Бүгінгі істеген қылмыстық ісәрекеттері, жас баллар ғой қанша дегенмен, өкініп қалмай, болашақта аяққа тұрып кететін дәрежеге келтіру керек. Істеген қылмысына қатты өкінеді.
70 жылдық тарихы бар түзету колониясында жазасын өтеп жатқан жасөспірімдердің жалғыз арманы – абақтыдан шығып, қалған тіршілігін ел қатарлы бостандықта жалғастыру.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!