Тасөткелден балық аулап күн көретін бұқара кәсіпсіз қалған
Жамбыл облысындағы Тасөткел су қоймасынан балық аулаумен күн көретін бұқараның тірлігі тоғыз айдан бері тоқтап тұр. Тұрғындар оған Шу-Талас облысаралық бассейн балық шаруашылығы инспекциясын айыптады.
Автор: Руслан Әбдіхалық
02.06.2022
Өйткені жауапты мекеме көлге қармақ салуға шектеу қойған. Инспекция ау тастауға неге рұқсат бермейді, тұрғындардың одан арғы күні не болмақ?
Шу ауданындағы Тасөткел су қоймасынан балық аулауға жалғыз компанияның рұқсаты болған. Дау көтерген 100-ге жуық азаматтың бәрі сол серіктестік қызметкерлері. Бірақ шенеуніктер былтыр күзде фирманың жұмысына шектеу қойып, содан бері ауыл тұрғындары күн көрісіміз қиындап кетті дейді.
- Жұмыссыз қалдық, тоғыз ай болды. Отбасымызды асырай алмай жатырмыз. Баяғыдан кәсібіміз осы балық. Алты ауыл осымен күн көргенбіз. Кредит төлей алмай отырмыз.
Жергілікті халық Шу-Талас облысаралық бассейін балық шаруашылығы инспекциясының бұл қадамын түсінбей келеді. Бұқара тірлікке тұсау салған мекеме басшылығынан мәсленің оң шешілуін талай мәрте талап етіпті. Бірақ әлі күнге өзгеріссіз.
Сиқым Қашаулиев, Оразалы батыр ауылының тұрғыны:
- Облыс әкімінен нан сұрап жатқан жоқ. Бізді асыра деп жатқан жоқ. Жәрдемақы бер деп жатқан жоқ. Бәрі сау жігіттер. Бірақ неге аулымызда тұрған көлден бірекі балық ұстап күнделікті отбасымызды асырамаймыз дейді. Не үшін тоғыз ай бойы жауып тастап бізді қаңғыртып жіберді.
Тұрғындар инспекция компанияның аяғына әдейі тұсау салды деп есептейді. Осылайша мекеме бизнесті өзге фирмаға алып беруге мүдделі деп айыптады.
Хамзат Нұрбеков, Оразалы батыр ауылының тұрғыны:
- Бұның артында үлкен қалталы азаматтар тұруы мүмкін. Болды. Мына жерде халыққа жол бермей жатыр, жұмыс істеуге. Құлыбаев мырза мына жерге келді дейді. Жер алды дейді. Мынаған көз тігіп отыр. Ол халыққа зияны тиіп жатыр.
Балық шаруашылығы инспекциясы бұл пікірді жоққа шығарды. Сөздерінше, 100 адамы бар қожалық көлді 10 жылға жалға алғанымен, қойманы дамыту жоспарын толық орындамаған. Сол үшін комиссия бизнесменнің кәсібіне шектеу қойыпты. Бірақ кәсіпкер сотқа жүгінген. Тоғыз айлық процестен кейін іс инспекцияның пайдасына шешілген.
Болат Асанбеков, Шу-Талас облысаралық бассейн балық шаруашылығы инспекциясының басшысы:
- Екінші сот бітті, қазіргі уақытта басқарма ғылымизерттеу жұмыстарын жүргізгеннен кейін, нақтылап бізге бір айдың көлемінде береді. Біз оны аукционға саламыз деп жоспарлап отырмыз. Қазақбайдан алып аласыздар ғой. Қазіргі таңда ол бос. Комиссия шешімімен ол ешкімге бектілмеген қойма.
Жақын күндері көлді жалға алушыны анықтайтын конкурс жарияланбақ. Бұрынғы кәсіпкер үнсіз қалса, аукционда қойманың жаңа иесі анықталады. Ал бизнесмен тағы сотқа жүгінетін болса, онда суға талас ұзаққа созылып, балықшылар жағаға жете алмай, қармағын құшақтап қала бермек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!