Бір ауданның қоқысын тазалауға — 94 миллион
Ақтөбеде үйілген қоқыстан тұрғындар үй құрылысын бастай алмай отыр. Әкімдік бөлген жер телімін біреулер заңсыз полигонға айналдырған.
Автор: Жаңалық Ахаш
02.06.2022
Тұрғындар қоқысты тазартып беруді әкімдіктен талап етеді. Шенеуніктер де осындай заңсыз қоқыс тастайтындармен күресуден шаршаған. Спутник арқылы Ақтөбе қаласы аумағынан заңсыз төрт жүзден аса заңсыз күл-қоқыс төгетін жер анықталған.
Ақтөбе шетіндегі аймақтан Рауан-2 ықшамауданы бой көтеруі тиіс. Былтыр қалалық әкімдік 1200 жер телімін бөлген. Енді құрылысты бастамақ болған тұрғындар үйілген қоқыстан қалай құтыламыз деп дал.
Кейбір тұрғындар өзіне үй салуға бөлінген жерді таба алмай әуре. Әкімдіктегілер қадаған қазықтың өзі қоқыс астында қалған.
Көршілерімен бірге Ғафур Құламанбаев та жер телімін әрең тапты. Биыл баспанасының іргетасын құйып қабырғасын көтеремін деп жоспарлаған. Енді қоқыс полигонына айналған жерін тазартуды ойлап басы қатты.
Ғафур Құламанбаев, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Биыл үй бастаймын деп келгенмін. Іргетасын қалайтын жер жоқ. Қоқыстың астында жатыр. Осыны тазартып берсе. Ертеңгі күндері үй салғаннан кейін балаларымыз ойнайды. Мына жерде құрылыс қалдықтары жатыр. Былай күндері иіс шығады.
Жаңадан құрылатын ықшамауданды жан-жағынан төрт ауыл қоршап тұр. Ондағы тұрғындар да үйілген қоқыстың тазартылуын талап етеді. Шіліңгір шілдеде күлімсі иістен тұншығып қаламыз деп ашынды.
Базарбай Бекжігітов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Полигонның сасық иісі айналаға тарайды. Ертең дем ала алмай отырады. Шара қолданып, тазаласа. Талабымыз сондай.
Аудан әкімдері қоқысты бірер аптада “жоқ қыламыз” деп уәде беріп отыр. Бірер күнде ғана тендер жариялапты. Мердігер анықталған бойда іске кіріседі деп сендіреді.
Бағұзақ Дарин, Алматы ауданы әкімінің орынбасары:
- Мердігер мекеме анықталып, жеңімпаз мекеме келісімшарт жасасып, жұмысы басталу керек. Жою жұмыстарын, тазарту жұмыстары орындалады.
Ақтөбеде осындай заңсыз қоқыс үйілген 400-ден аса полигон бар. Оны жақында әкімдіктегілер спутник арқылы аспаннан бақылатып біліпті. Енді соны тазартуға тек Алматы ауданына бюджеттен 94 миллион теңге бөлінген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!